Мейірім мерекесі

Құрбан айт – Ислам әлеміндегі ең қасиетті де құрметті күндердің бірі. Бұл күн – Жаратушыға құлшылық етіп, адамгершілік пен жанашырлықты дәріптейтін, бүкіл мұсылман жұртшылығы үшін үлкен рухани мереке. Мейірім мен берекенің, жақсылық пен жомарттықтың, үміт пен шүкірліктің нышаны.

Құрбан – араб тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни пенденің шын ықыласпен жасаған сауапты істері арқылы Аллаға жақындай түсуі. Шариғаттағы мағынасы – белгілі күндері, шарттарын сақтай отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау. Қасиетті Құранда: «Сен де Раббың үшін (Оған борыштар екеніңді терең сезіне отырып) намаз оқы және құрбан шал…» (Әл Кәусар сүресі, 2-аят), – дейді. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Адам баласы Құрбан айт күні қан ағызып жасаған құлшылықтан сүйікті ешбір іс арқылы Аллаға жақындай алмайды…» – деген.

Құрбан шалу арқылы мұсылман Жаратқанның разылығына қол жеткізуге ұмтылады. Бұл – жан мен тәннің бірлігін, пейілдің тазалығын білдіретін ұлық құлшылық. Құрбандық шалу тарихы Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмайылдан бастау алады. Ибраһим (а.с.) түсінде Алланың әмірімен баласын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Бұл көріністің Алладан келген аян екенін білген пайғамбар: «Балам, түсімде сені құрбан шалуға бұйырылыппын. Не дейсің?» – дейді. Сонда Исмайыл: «Әкетай, бұйырылғанды орында. Сабыр етермін», – деп жауап береді. Бұл оқиға – тарихтағы ең үлкен сынақтардың бірі. Алла Тағала оларға қошқар жіберіп, Исмайылдың орнына соны құрбандыққа шалуды бұйырады. Құранда бұл оқиға былай баяндалған: «Сен түсіңді шындыққа айналдырдың. Біз жақсылық жасаушыларды осылай марапаттаймыз» (Саффат сүресі, 105-аят).

Ханафи мәзһабында мына төрт шартты иеленген әрбір мұсылманға құрбан шалу уәжіп болады. Олар: мұсылман болуы және ақыл-есінің дұрыстығы, балиғат жасына жетуі, жолаушы болмауы, зекет бере алатындай нисап мөлшерінде дүниемүлікке ие болу. Құрбандық малы ретінде қой, ешкі, сиыр, түйе жарамды. Қой мен ешкі – бір адам үшін, сиыр мен түйені – жеті адамға дейін ортақ шалуға болады. Пышақ өткір, ниет таза болуы керек. Ұсақ малдың етін үшке бөліп, бір бөлігі – туыстуғанға, екіншісі– мұқтаждарға, үшіншісі – өз отбасы үшін сақталады.

Құрбан шалудың көзге көрінбейтін, рухани пайдасы да мол. Атап айтқанда, тәкаппарлық пен сараңдықтан арылтады, қоғамда мейірім мен қайырымдылықты жандандырады, жанұяға береке мен молшылық әкеледі, бай мен кедей арасын жақындатады, ақыретте мол сауаптың себебі болады. Хадисте: «Малды қанша жақсы көрсең де, Алланың разылығын жоғары қойып құрбан шал, бұл – сенің Қылкөпірден өтердегі көлігің», – делінген.

Айт күндері тәкбір айту – сүннет. «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, лә иләһа иллаллаһ, Аллаһу акбар, уәлиллаһилхамд» – деп көбірек айту – дініміздің сүннеті. Бұл жай ғана мереке емес, пенде мен Жаратушы арасындағы байланысты нығайтатын, жүрек тазалығын арттыратын рухани мектеп. Ал, құрбандық шалу – ішкі ниеттің, тақуалықтың, жомарттықтың көрінісі. Бүгінгі қоғамда мұндай игі істерге аса мұқтаж екеніміз анық. Ұлық күннің қадіріне жетіп, игілігін көру – әрбір мұсылманның бақыты. Алла Тағала баршамыздың шалған құрбандарымызды қабыл етіп, айт мерекесі арқылы мейірім мен берекеге бөлесін.

Осы ретте мына бір мәселеге мән берген жөн. Халқымызда «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген нақыл сөз бар. Аудандағы барша кәсіпкер азаматтарды Құрбан айттың құрметіне мал құнын қолдан көтермей, халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, оңтайлы баға ұсынуға, жұртымыз күнде тұтынатын азық-түлікке мүмкіндігінше жеңілдік жасауға шақырамын. Ұлық мейрамда жасайтын барша сауапты амалдарыңыз, қайырымдылық істеріңіз қабыл болғай.

27 мамыр – Құрбан айт мейрамының алғашқы күні. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітілген уақыт кестесіне сәйкес Жамбыл облысы бойынша айт намазы 6.00-де басталады. Айт намазы екі рәкағаттан тұрады және жамағатпен бірге оқылады. Оның алдында азан шақырылып, қамат айтылмайды.

Дәурен ҚҰТТЫБАЕВ,
Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітінің бас имамы

Comments (0)
Add Comment