Техникалық ақау Есіктегі түлектерді әбігерге салды. Алматы облысы Есік қаласында ҰБТ кезінде интернет байланысы үзіліп, бірнеше оқушының жауаптары сақталмай қалған.
Оқиға тестілеу аяқталуға шамамен 20 минут қалғанда болған. Түлектердің ата-аналарының айтуынша, емтихан қалыпты өтіп жатқан, алайда кенеттен байланыс жоғалып кеткеннен кейін кей қатысушылар тестті толық аяқтай алмаған. Бұл жағдай ата-аналардың наразылығын тудырып, балалардың қайтадан стресс пен уайымға тап болғанын айтты.
Оқиғаға байланысты Ұлттық тестілеу орталығы пікір білдірді. Орталық мәліметінше, техникалық ақауға интернет-провайдер желісінің зақымдануы себеп болған. Соның салдарынан тестілеу орталығында бір сағаттан астам уақыт байланыс болмаған.
Тестілеуді аяқтай алмаған талапкерлер үшін қайта ҰБТ тапсыру күні 31 мамырға белгіленді.
Politico.kz