Қазынаға қайтарылған қаржы: Прокуратура тексеріс нәтижесін жариялады

Соңғы екі жылда елімізде сотталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген 66,5 миллиард теңге шығынның 30,1 миллиард теңгесі өндірілмей қалғаны анықталып, қазіргі таңда қадағалау органның араласуымен бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды «24KZ». Бұған уәкілетті мемлекеттік органдардың келтірілген зиянды өндіріп алу үшін талап-арыздарды уақтылы ұсынбауы негізгі себеп болған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Бас прокуратура жүйелі түрде талдау жүргізіп, нәтижесінде 6 ұсыну, 3 наразылық енгізіп, жалпы сомасы 30,1 миллиард теңгеге 27 талап-арыз жолдады. Қабылданған шұғыл шаралардың арқасында қазірдің өзінде мемлекет кірісіне 651 миллион теңге нақты қайтарылып, қалған сомалар бойынша сот талқылаулары жалғасуда. Атап айтқанда, Қызылорда облысындағы осындай нақты мысалдардың бірінде екі азамат ақпараттық жүйеге жалған мәліметтер енгізу арқылы 63 автокөліктің техникалық құжаттарын өзгертіп жіберген. Салдарынан бюджетке 16 көлік үшін 115,3 миллион теңге кедендік төлем және 63 автокөліктің алғашқы мемлекеттік тіркеу алымы ретінде 460,6 миллион теңге түспей қалған болатын. Прокуратураның қатаң талабынан кейін уәкілетті орган сотқа жүгініп, нәтижесінде мемлекет пайдасына 575,9 миллион теңге толықтай өндірілді. Құқық қорғау органдары мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау және бюджетке қаражаттың нақты түсуін қамтамасыз ету басты басымдық екенін және қайтарылған әрбір теңге халық пен қоғам игілігіне жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/kogam/787604-kazynaga-kajtarylgan-karzy-prokuratura-tekseris-natizesin-zarialady
фотор: depositphotos.com

Comments (0)
Add Comment