Елдегі жағдайды пайдаланып қылмыс жасағандар ұсталды

Алматы мен облыстың алты тұрғыны жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталды. ІІМ мәліметінше, олар полицейлер мен әскери қызметкерлерге қарсы шығу үшін темір таратқан.

«Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан Алматы мен Алматы облысының алты тұрғыны ұсталып, УҰИ-ға қамалды. Олар қызметкерлер мен әскери қызметшілерге қарсы қылмыс құралы ретінде темір таратты», — деді әкімшілік Полиция комитеті басқармасының бастығы Бағланбек Айтпаев брифингте.

Оның айтуынша, қарақшыларды ұстау әрекеті 19 қаңтарда басталған «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүзеге асырылған. Ол төтенше жағдай режимі алып тасталғаннан кейін, заң мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша жүргізілген.

«Нұр-Сұлтанда мемлекетаралық іздеуде жүрген Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Ол 5 қаңтарда Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылында Nur Otan партиясының әкімшілік ғимаратын өртеуге қатысты», — деді Айтпаев.

Оның айтуынша, іс-шараны өткізу барысында 4 мыңнан аса қылмыс тіркелген. Оның ішінде 300-ден аса қылмыс қоғамдық орында және 80-і көшеде болған. Қылмыс Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында көп жасалған.

«2700-ден аса қылмыс ізін суытпай ашылды. Мысалы, 19 қаңтарда Ақтөбеде полиция қызметкерлері бұрын сотталған екі азаматты тез арада ұстады. Олар түнде медициналық бетперде тағып Qazaq Oil ЖМҚС-на кіріп, жанармай құюшы мен кассирді пышақпен, балғамен қорқытып, 100 мың теңгеден аса ақша және ұялы телефон алып кеткен.

21 қаңтарда ШҚО Үржар ауданы Бақты ауылы маңында жеке кәсіпкерді өлтірген адам ұсталды», — деді Бағланбек Айтпаев.

tengrinews.kz

Comments (0)
Add Comment