Жуырда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/4 мекемесінің қызметкерлері облыс орталығында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында қонақ болып қайтты. Айта кетейік бұл кездесуге аталған білім ошағының басшысы Ф.Шортанбекова бастамашы болды.
Ол түзеу мекемесінің басшысына жазған хатында оқушыларды домбырада ойнауға үйрету бойынша шеберлік-сыныптар, ұлттық-қолданбалы өнер жәрмеңкелерін және конкурстар ұйымдастыру қажеттілігіне байланысты гимназияға домбыра тарту етіп, демеушілік жасауын өтінген. Өз кезегінде түзеу мекемесінің қызметкерлері мектеп оқушыларына сот үкімімен бас бостандығынан айырылғандар азаматтар жасаған 5 домбыраны сыйлады.
Кездесу барысында гимназия директоры Ф.Шортанбекова балалар үшін шын жүректен жасалған домбыраны тарту еткен мекеме басшылығына алғысын жеткізді. «Облыстық «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы аясында гимназия оқушыларына 5 дана домбыра сыйға тартқаны үшін ЖД-158/4 мекемесінің басшысына және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкерлеріне алғыс білдіреміз», — деді.
Ал түзеу мекемесінің қызметкерлері бұл акцияға қатысуды жөн санап, осылайша өнерге құштар балаларға сыйлық жасағысы келетіндіктерін жеткізді. «Жалпы, біз бұған дейін де қарттармен балалар үйіне сыйлық жасадық. Міне, мектеп оқушыларына да тартуымызды табыстадық. Біз әкелген домбыралардың көлемі үлкен болмаса да, олар ойыншық домбыра емес. Олардың әуені кәсіби музыкалық құралдардан айырмашылығы кем түсе қоймайды. Мүмкін олар шын жүректен жасалғандықтан болар, — деді мекеме қызметкерлері.
Маржан Сағындықова,
ЖД-158/4 мекемесі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің бастығы, әділет майоры