Білім гранты: сан мен сапа

Білім гранты иегерлерінің тізімі шыққаннан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікір айтылды. Сыни пікір айтатындардың
бір тобы грант санын көбейту білім сапасын жоғарылатпайтынын, керісінше төмендететінін алға тартады. Сондай-ақ гранттарды бөлуге қатысты наразылық білдірушілер көп болды. Олардың айтуынша, сұраныс аз мамандықтарға грант көп берілген. Желідегі екінші топ қымбатшылық жағдайында тегін білім алушылардың көбейгені жақсы, өйткені қазір көп ата-ананың баласын ақылы оқытуға жағдайы келмейді деген пікірде.

Мемлекет бөл­ген грант саны тым көп, бұл білім са­па­сын төмен­де­теді деп дабыл қаққан­дар­дың бірі – жур­на­лист Ерболат Мұ­­­­хамеджанов. Ол грант тек жақсы оқи­тындарға, әді­лет­ті берілуі ке­рек деп санайды.

– 94 мың оқушы грантқа тапсырады. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Бәсеке мүлдем жоқ. 1 грантқа 1,5 мектеп түлегі таласқан. Жақ­сы оқитын да, үлгерімі нашар да грантқа ие болады. Нәтижесінде, университеттер түсініксіз жағдайда қалады. Келесі мәселе, мемлекет төлейтін грант құны нарықтық ба­ғадан бірнеше есе төмен. Мемлекет нарық­тық жағдайды әділетсіз реттейді. Мысалы, ұлттық университетте грант құны – 1 млн 300 мың теңге, ал мемлекеттік университет­тер­ге – 900 мың, жекеменшікк универси­тет­терге – 700 мың. Айтпақшы, осыдан 3 жыл бұрын 350 мың болып, сол кездегі министр қазіргі суммаға көтерген еді. Ал оқу ақысы­ның өзіндік құны – 1 млн мен 1,5 млн-ның ара­сы. Бұл мәселені тез арада шешпесек, ке­рі­сінше, жоғары білім саласына зиян тигіземіз. Министрлік осындай гранттың құнымен сапалы білімді талап етуі орынсыз, – деді ол.

Оның айтуынша, мәселені шешудің, білім сапасын реттеудің дұрыс жолы бар. Біріншіден, гранттың санын азайтып, ар­тылған сомаға гранттың құнын өсіру керек. Себебі жыл сайын гранттың санын өсір­геннен білімнің сапасы жоғарыламайды. Мұн­дай жағдайда мықты университеттер грантқа түсудің шекті балын өсіреді, нәти­жесінде ұлттық және мемлекеттік уни­вер­ситеттердегі білім сапасы нашарлап, жағ­дайлары қиындай түседі.
Расында, 55-60 балмен инженерлік, тех­никалық мамандыққа оқуға түсіп жатқан түлектерден болашақта қандай сапалы ма­ман шығады деген заңды сауал туындайды. Кезінде техникалық мамандықтарға білімді ба­лалар оқуға қабылданатын. Олардың зерт­теушілік қабілеттері қаперге алынатын. Осын­дай таңдаулы мамандықтардың қазір құ­нын түсіріп, дипломы бар мамандар са­нын арттырғаннан ұтарымыз қайсы? Бола­шақ­та сапасыз маманды кім жұмысқа алады?
Кезінде сапалы жоғары біліммен қам­ту жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев та Үкіметке тапсырма бер­ген болатын. «Әр ата-ана баласының жо­ғары білім алғанын қалайды. Бұл – орынды тілек. Деген­мен бүгінгі одан да өзекті мәселе – болашақ тү­лектің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы. Бұл үшін жоғары оқу орындарын са­палы біліммен қамтамасыз ету қажет. Оқу үр­дісінің сапасын арттырмай, білім грант­тары­ның санын көбейту жақсылыққа емес, жа­ман нәтижеге алып келуі мүмкін. Сон­дық­тан жоғары білімнің қолжетімдігін қам­та­масыз етуді көздей жүріп, оның дева­ль­ва­ция­­сы­на жол бермеу керек», – деді Пре­зи­дент.
Үкіметтің мемлекеттік гранттардың құ­­­ны мен оның қазіргі заманға сай не­месе сай еместігін қаншалықты зерттегені бел­гі­сіз. Алайда Ғылым және жоғары білім ми­нистр­лігі биыл Мемлекет басшысының тап­­сырмасына сәйкес халық тығыз қоныс­тан­­ған батыс және жаңадан құрылған өңір­лер­дің жастары үшін де гранттар бөлінгенін айт­ты.
Ғылым және жоғары білім вице-ми­нистрі Қуаныш Ерғалиев әлеуметтік желідегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сынға қатысты Facebook-тегі парақшасында жаз­ды. Вице-министрдің айтуынша, елімізде ха­лықтың жоғары біліммен қамтылуы бойынша деңгейі Ресейден де төмен екен.

– Ұлттық статистика бюросының 2021 жыл­ғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда тү­лектерді жоғары біліммен жалпы қамту 62 пайызды құрайды. Бұл көптеген елден едәуір төмен (Ресей – 82 пайыз, Оңтүстік Корея – 94 пайыз, Ирландия – 78 пайыз, Беларусь – 81 пайыз). Ал жалпы елімізде жоғары білімі бар азаматтардың статистикасына қарасақ, ер­лердің үлесі – 17 пайыз, әйелдердің үлесі – 21 пайызды құрайды. Бұл – төмен көр­сет­кіш. Осы жайттарды ескерсек, әлеуметтік желі­дегі грант санын азайту туралы айтылып жатқан сын қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды. Биыл елімізде 174 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Сондай-ақ 140 мыңға жуық түлек колледж бітірді. Олардың ішінде 94 мың түлек грант конкурсына қатысты. Ал бөлінген грант саны – 73 мың. Статистикаға қарасақ, грант негізсіз бөлінді деп айтуға келмейді. Керісінше, Үкіметтен бөлінген гранттар жастарды шетелден тегін оқу ізде­мей, елімізде қалуына және халықтың ж­о­ғары білім деңгейін арттыруға септігін ти­гізері сөзсіз, – деді Қуаныш Ерғалиев.

Вице-министр жастарға мемлекеттен көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңыз­ды­лығы туралы да жазды.

– Түлектерге бөлінген гранттардың жар­тысынан көбі әлеуметтік осал санат­тарын­дағы адамдарға арналған. Квоталардың үлесі мемлекеттік гранттардың жалпы санының 53,5 пайызын құрайды, оның ішінде 35 пайы­зы ауыл жастарына бөлінген. Әлеу­мет­тік осал топтарға барлығы 9 квота қарас­ты­рыл­ған. Елімізде жоғары білім барлығына бір­дей қолжетімді болуы тиіс, – деді ол.

Оның айтуынша, Үкіметтен гранттардың бө­лінуі, әлеуметтік қолдау көрсетілуі жас­тардың дамуына әсер етеді. Мемлекет тара­пы­нан жастайынан қолдауды сезініп өскен ба­ла болашақта елі үшін аянбай еңбек етеді.

Гранттың кө­бе­юі­не білім са­ла­сы­ның сарапшысы, QazBilim Group ком­­­паниясының бас­­қарма төрағасы, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжан­ұлы да қарсы. Мем­лекет грант санын кө­бейтпес бұрын ЖОО-лар сол ма­ман­­дарды оқытуға дайын ба деген мәселені анық­тап алуы керек дейді ол.

– Бізде маман дайындайтын база бол­ма­са да жылына мұнай-газ мамандығына 50 PhD оқытады. Өтірік маман дайындау не үшін қа­жет? Ол мамандардың еңбек нарығынан өз орнын табуы – одан кейінгі мәселе. Екін­ші­ден, кеше ғана жабылған университеттер биыл қайтадан мемлекеттік грант алып жа­тыр. Шыны керек, біз бакалавр, магистра­тура, докторантура бойынша мамандардың сапасына кепілдік бере алмай отырмыз. Біз­дің ең басты мәселесіміз – жұмыссыздық емес, біліксіздік. Ал гранттың көп болуы бі­ліксіз мамандарды көбейтеді. Өйткені тү­лектер кейбір мамандықтарға 60 балмен грант­қа түсіп жатыр. Білімсіз түлектен мық­ты маман шықпайды. Мемлекет мектеп тү­лектерінің білім сапасымен емес, санмен ай­налысып отыр. Кейде маған грантты үйіп-тө­гіп беру мемлекеттегі жастарды 4 жыл ты­ныш ұстаудың жолы ма екен деген ой ке­леді, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Сарапшының айтуынша, министрлік ста­тистиканы өзіне ыңғайлы етіп бұрып алып отыр. Мектеп бітірген 174 мың түлек­тің 94 мыңы конкурсқа қатысты. Қал­ған 80 мыңы конкурсқа қатыса алмады. Неге? Се­бебі олар шекті балл ала алмады. Оған се­беп, мектептің сапалы білім бере алмауы. Сон­дық­тан вице-министрдің 73 мың грантты аз деп, Қазақстанда түлектерді жоғары бі­лім­мен жалпы қамту Ресейден тө­мен екенін ал­ға тартуы қисынсыз дейді қо­ғам белсендісі. Ол вице-министрдің Үкі­мет­тен бөлінген грант­тар жастарды шетелден тегін оқу ізде­мей, елімізде қалуына және халықтың ж­о­ғары білім деңгейін арттыруға септігін ти­гізері сөзсіз деген пікірімен де келіспейтінін жет­кізді. Ахметжанұлының айтуынша, мем­лекеттік идеология мықты болса, жас­тар­дың шетелде оқуынан қорқу­дың қажеті жоқ. Жастардың шетелге оқуға кетуіне грант санының аздығы емес, ұлттық идео­логияның әл­сіздігі, жемқорлық пен әді­летсіздік себеп бо­лып отыр. Жастар Қазақ­станда әділетті жол­мен табысқа жету­дің қиял-ғажайып еке­нін білгеннен кейін де шетелде қалғысы ке­леді.

Алайда елімізде мемлекеттік грант­тың арқасында те­гін оқып, еліне қыз­мет етіп жатқан ма­­­­мандар да көп. Мем­лекет­тік грант, әсі­ресе, ауыл жаста­ры­на – үлкен мүм­кін­дік. Ауыл­дағы көп ата-ананың ба­­ласын ақы­лы оқы­­­туға мүм­­кіндігі жоқ. Үкі­мет беретін те­гін грант­тың үлкен пайдасын көріп отыр­­ған ананың бірі – Айнұр Нағашы­бай­қызы.

– Балаларым менің ғана емес, елімнің де бо­­лашағы. Әрбір ата-ана баласының бо­ла­шағы үшін алаңдайды. Әсіресе, мектеп біті­ріп, мамандық таңдап, оқу гранты үшін ҰБТ тапсырарда қатты қобалжиды. Менің ба­ла­ларым жастайынан білімге құштар болып өсті. Бар күшімді балаларымның жақсы білім алуына жұмсадым, барынша таңдаулы мектептерде оқыттым. Балалардың білімді бо­лып өсуіне отбасы, ортасы, мектебі тікелей әсер етеді. Өзіміз бұрын ауылдық жерде тұр­дық. Соған қарамастан балаларымды облыс­тық атаулы мектептерде оқыттым. Үлкен ұлым Қызылорда облыстық дарынды ба­лаларға арналған мектеп-интернатын алтын медальға бітірді. Мектеп қабырғасында жүріп Ресей елінің білім грантын жеңіп ал­ды. Санкт-Петербург қаласында оқып келіп, қазір елімізге қызмет етіп жүр. Екінші қызым 7-сыныптан бастап Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыды, Астана қаласындағы Медициналық университетке грантқа оқуға түсті. Биыл мектеп бітірген ұлым физика-ма­тематика пәнін таңдап, ҚазҰУ-дың гран­тын жеңіп алды. Оған себепші болған қа­ла­мыздағы – Достық оқу орталығы. Сол жерде тәжірибелі ұстаздардан 1 жыл қосымша бі­лім алуына жағдай жасадым, міне, нәти­жесін көріп отырмыз. Кенже қызымды дарынды балаларға арналған жеке мектепке ақылы түр­де оқытудамын. Болашақта оның да грант иегері болатынына сенемін. Өзім асы­рау­шысынан айырылған ана болсам да бала­ларымның жан-жақты білім алуына бар жағдайды жасап отырмын. Өйткені 4 жыл тегін оқу – ата-ана үшін үлкен көмек, – дейді Айнұр Нағашыбайқызы.

Айнұрдың айтуынша, балаға жұмсалған қаражат – болашаққа құйылған инвестиция. Баланың бойына жастайынан армандауды, дұрыс мақсат қоюды сіңірсе, жемісін береді. Мемлекеттің берген мүмкіндігін әрбір бала пай­далануға құқылы, тек ынта мен жігері бол­са. Өйткені елімізде грантты жеңіп алуға бар­лық жағдай жасалған дейді кейіпкеріміз.

Әрбір ата-ана баласының таңдаулы оқу ор­нында оқығанын қалайды. Алайда 4 жыл тегін оқығанның бәрі нарыққа қажетті маман болып шықпауы уақыт енші­сінде. Сондықтан ел болашағын санға емес, сапаға қарап бағалайтын кез келгендей.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ

https://turkystan.kz/article/230070-bilim-granty-san-men-sapa/
Comments (0)
Add Comment