Мәжілісте Жамбыл Ахметбеков бастаған бір топ депутат BI Group компаниясын тексеру жөнінде Бас прокуратура мен Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
“Соңғы айларда қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының тақырыбы BI Group холдингінің қызметі мен жобаларына қатысты келеңсіздіктерге толып кетті. Жалпы, бұл компанияның Алматы мен Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік және экологиялық өмірге нұқсан келтіретін жағдайлары, компанияның мемлекет есебінен тұрғызып жатқан қымбат нысандарына жұртшылық наразы. Холдинг, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, елдің құрылыс саласын іс жүзінде монополиялаған”, – дейді ол.
Жамбыл Ахметбековтың айтуынша, де-факто BI – құрылыс емес, маркетингті саналады. Ірі компаниялардың пайдасына, мысалы, үлестік құрылыс саласында мемлекеттік органдарда лобби жасау арқылы өз жобаларын алға жылжытады.
“Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы тұрғын үй нарығы тым маргиналды болып қала бергенімен, холдинг негізінен сонда қалуды жөн көреді. Әсіресе, Астананың сол жағалауындағы жердің көп бөлігі әкімшілік ресурстар есебінен BI-ге берілген. Оның үстіне компанияның өзі бұл жер телімдерінің кей жерлерінде құрылыс жүргізбей, алыпсатарлық жолмен басқа құрылыс мердігерлеріне қымбатқа сатып жіберген. Кей мәліметтерге сәйкес, жеке ковид ауруханаларының құрылысында BI Group аймақтардағы бөлшектелген ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Атап айтқанда, Атырау қаласынан 300 шақырымдай жерде орналасқан Атырау облысының Опорный ауылында ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген. Бұл пайдаланылған құрылыс материалдары мемлекеттік бюджет қаражатына 5,5 миллиард теңгені құрайтын модульдік ковид ауруханасының құрылысы үшін Алматыға жөнелтілген”, – дейді ол.
Депутат BI Group компаниясы 2020-2021 жылдары аймақтарда салған covid-стационарлардың нақты жұмыс істеу сапасы мен мемлекеттік тапсырыс бойынша медициналық қызметтерді көрсетуіне, сондай-ақ, денсаулық сақтау мақсатында пайдаланылуына егжей-тегжейлі және ашық тексеруді бастау керек деп есептейді.
“Бұл іске Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі аудит комитеті кіріскені жөн. Ковид ауруханаларын жіті тексеру керек. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің және облыстардың мәслихаттары жанындағы тексеру комиссияларының қатысуымен Қазақстан аумағында құрылыс салу жөніндегі қызметтерді сатып алуға енгізілген құрылыс сметалық құжаттарының негізділігін анықтап, салыстырмалы талдау жүргізу мақсатында тексеруді ұйымдастырған абзал», — деді ол.