(Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және Шоқан Уәлиханов жазбаларындағы қазақ аңыздары туралы)
Ұлт тарихы үшін аңыздар да дерек көздері деуге болады. Өйткені онда тарихи шындықтың іздері бар. Белгілі оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы аңыздар қай кезде де бағалауға лайық құнды мұралар. Қазақ аңыздарының жиналып хатталуына ұлтымыздың ірі тұлғалары да ерен еңбек сіңірді. Солардың басында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мен Шоқан Уәлиханов тұр.
Халықтық үлгілерді жазып алу әдісін қалыптастыруда Ш.Уәлиханов пен В.Радлов сіңірген еңбегінің маңызы зор. В.Радловтың жазбалары өз замандастарына қарағанда қысқартусыз, өзгертусіз берілген. Зерттеушілер үшін ауызша тарихи дәстүрдің белгілі не беймәлім мәтіндерінің неғұрлым көп нұсқалы болуы тарихи таным үшін маңызды. Себебі деректі терең және мейлінше жан-жақты түсіну, тану үшін де, зерттеуші оның неғұрлым көп үлгілерімен таныс болуы керек. Жалпы, кейбір ауызша тарихи шығарманың қағазға түсу уақыты мен орнының көрсетілмеуі, сондай-ақ мәтінді айтушы, жеткізуші жөніндегі ақпараттар болмауы бұл деректің ғылыми құндылығын төмендетеді. Демек, ауызша тарихи дәстүрдің ғылым талабына сай жиналуы үшін алдымен оның дұрыс қағазға түсуі мен жазылынып алынуы (паспорты) толық толтырылуы қажет. Сонымен қатар ауызша тарихи деректерді жинаушылар мәтіндерді неғұрлым көп таба отырып, оларды неғұрлым ұқыпты түрде қағазға түсіруі шарт. Шарттардың дұрыс орындалуы тарихи танымның аясын кеңейтеді және тарихи шындықты қалпына келтіруге өз септігін тигізеді. Зерттеушінің ауызша тарихи деректерді жинаудағы тағы бір мақсаты – ол мәтіннің сол, не басқа бір жерде өмір сүру ерекшелігін анықтау екенін естен шығармауы керек. Шығарманың белгілі бір мекендегі өмір сүру жағдайын қарастыра отырып, жинаушы сол елді мекендегі халықтың тарихи, әрі саяси-экономикалық ерекшеліктеріне де көңіл бөлуге міндетті. Жинаушылық жұмыс кезеңде сол елді мекенге қатысты жүріп жатқан түрлі этнографиялық материалдарды да қоса қамтуды ойластыруы керек.
Ауызша тарихи дәстүрді насихаттайтындар, тарататындар, айтушылар мен жеткізушілер т.б. төңірегінде де ақпараттар мен мағлұматтар қоса қамтылады. Ол биографиялық мәліметтерден бастап, яғни туған күні, айы, жылы, білімі т.б. тәрізді деректерден тұрады. Патшалы Ресей өкіметі тұсында жиналған мәтіндер христиан дінін уағыздауға, патшаның шексіз билеу саясатын дәріптеуге және сонымен бірге мемлекетке қызмет ету мақсатында жиналып, жарияланып отырды. Бұл мәтіндерде сондықтан да кейбір деректер сұрыпталып, өңделіп, түрлі цензуралардан іріктеліп өзгеріске ұшыраған. Мәтіннің текстологиялық жағынан дұрыс басылмауы, аудармасы болса, оның дұрыс берілмеуі оның мағыналық жағынан түрлі өзгерістерге, ауытқуларға ұрынуына әкеледі. Ауызба-ауыз жазудың қиындығы: кейбіреуі басын толық жазса, кейбіреуі аяғын; ал, кейбіреудің оқиғаны, кейіпкерлерін шатастыруы мүмкін. Бұның барлығын зерттеуші ғалым зерттеу барысында үнемі ескеріп отыруы қажет.
Қазақ тарихын зерттеу iсiнде ауызша тарихи дәстүрдің маңызын ерекше атап, ғылыми айналымға «тарихи бiлiм» (устная историология) түсінiгiн енгiзiп кеткен
В.Юдиннің еңбектерiнің де маңызы зор. Қазақтың бай ауызша тарихи дәстүрін зерттеуші ғалымдары: М.Көпеев, Ш.Уәлиханов, В.Бартольд, В.Радлов, Г.Потанин,
Ә.Диваев т.б. еңбектері қазір әлі толық жарияланбаған. Олар өз еңбектерінде ауызша тарихи дәстүр үлгілерін әрі жинаудың, әрі жариялаудың, әрі зерттеудің тиімді өзіндік әдіс-тәсілдерін пайдаланған. Сонымен бірге ауызша тарихи дәстүрді жинау, жариялау мен зерттеу жұмыстары этнографиялық бақылаулармен тығыз қарым-қатынаста қарастырылып отырды.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтың ауызша тарихи дәстүрін жинау жұмыстары, негізінен алғанда, тарихи-этнографиялық сипатта болды. Қазақ даласында болған ғалымдар мен саяхатшылар ішінде: А.Левшин, А.Янушкевич, Г.Спасский, А.Назаров тәрізді зерттеушілер қазақтың ауызша тарихи дәстүрін халықтың тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен байланыстыра жинады.
ХІХ ғасырда қазақтың аңыз-әңгімелерін жинауда Ш.Уәлиханов елеулі үлес қосты. Сонымен бірге, Ш.Уәлиханов өз еңбегінде кез келген халықтың құрылуы жөніндегі ең қиын мәселені шешуге бастайтын әдістеме жасаған. Оның Рашид ад-Диннің «Жәми ат-тауарих», атақты ориенталист Г.Клапроттың, көрнекті неміс географы А.Гумбольдтың, орыс авторлары: А.Левшиннің, И.Бичуриннің, П.Рычковтың, А. Шренктің, А.Ремюзаның, Г.Мейендорфтың еңбектерін түпнұсқада оқуы да аталған саладағы ізденіс сапасын биіктете түскен. Қазақтың біртума ғалымы Ш.Уәлиханов та кезінде қазақтың ауызша тарихи дәстүрін жинаумен әрі зерделеумен айналысқан. Ол жинаған тарихи мұралар әлі күнге тарихшы ғалымдарға зерттеулерінде дереккөзі ретінде қызмет етуде. Оның өскен ортасы, жастай алған тәрбиесi оның болашағына үлкен әсер еткен. Ең алдымен Ш.Уәлихановтың ежелден ел билеген ақсүйек отбасында туған, халық тағдырына қатысты әңгiмелердi бала кезiнен естiп, қанып бiлгенiн елеулi мәселе деп карау керек. Көрген-бiлгендерi, бастан кешкендерi жас Шоқанның санасына жанды тарих секiлдi кұйыла берген. Қазақ халқының келешек бағыты айқындалған жолайрық заманда Абылайдың атына қатысты аңыз сөздер аса көп болатын.
Абылай туралы деректердi архивтен емес, тiкелей отбасылық шежiре ретiнде естiп, тану Шоқанның өткен iстерге, ел тарихына ой жүгiртiп үйренуiне септескен. Бұл заманда бетiне жан қаратпаған айбарлы хандық династияның өкiлi Шоқан өткен тарихтың көңiл сүйсiнер даңқты беттерiн де, өкiнiштi сабақтарын да жаттап өскен едi. «Бұл қалай?» деген сауал оның көңiлiне ерiксiз тұрақтайды. Қазақстанның Ресей қарауына өтуiнiң жағдайлары, өз әулетiнiң халi, Абылай балаларына, екi жiкке бөлiнiп, бiр жағы ақ, патшаның сенiмдi қызметшiсi болуға бейiмделуi, екiншi жағының тәуелсiз қазақ хандығын көксеуi, осы негiзде туыстардың өзі бiр-бiрiн көрместей династияға айналуына нағыз шытырман болатын.
Уәли ханның кезiнде Орта жүзде хандық жойылып, елдi билеудiң жаңа жүйесi жасала бастағаны ел iшiнде қандай пiкiр тудырғаны да, болашақ ғалымға бала күнiнен азды-көптi таныс едi. Кейiннен Ш.Уәлихановтың ғылыми еңбектерiнде орын тебетiн тарихи-этнографиялық мағлұматтардың көбi оның балалық шақта ұққандары мен байқағандары болады. Өз ата-бабаларының отбасылық шежiресiн жастай бiлiп алуыньң өзi аса қымбат бiлiм едi. Ол шежiренi ең жақын адамдарынан естидi.
Шоқанның әжесi Айғанымның ақылды ел әңгiмелерiне жетiктiгi де зор маңызы болғанын зерттеушiлер атап отырады. Қазақ руларының iшкi кұрылысы, олардың өзара қарым-қатынасы, халықтың үш жүзге бөлiнетiнi туралы шежiре бiлiмдерiн де Шоқан ауыл «университетiнен» алған. Ш.Уәлиханов ес бiле бастағаннан қазақ елiнiң тарихы мен сол кездегi жағдайын сипаттайтын аңыз-әңгiмелердiң қалың ортасында жүредi. Мұның өзi баланың ойына берiк орнап қалғаны мәлiм. Қазақ халқының басына түскен әртүрлi ауыртпалық сезiмтал, зерек Шоқанға өшпес әсер еткен, ерте ойлауға үйреткен. Бiр заманда зор болған әулеттiң соңғы ғасырларда әлсiреп, ақ патшаға тәуелдi халге кетуiнiң себебiн бiлуге ұмтылу да мұндай жағдайда табиғи көрiнiс болатын. Болашақ қазақ даласының зерттеушiсi Шоқанның алдағы iстерiнiң бағытын күн iлгерi белгiлеуі себептiң бiрi осы.
Ғалымның ой-өрiсiнiң кеңеюiне, көркемдiк талғамның жетiлуiне жасынан ақындар, әншiлер, күйшiлер, шешендер өнерiн естiп, ғибрат алуы зор әсер еткен. Шоқанның орыс достарының бiрi Г.Потанин кейiнгi естеліктерiнiң бiрiнде Ш.Уәлихановты «өз халқының жазушысы болуға жаралған адам» едi деп сипаттауында үлкен мағына бар.
Ғалым өзi жинаған, зерттеген ауыз әдебиетi шығармаларын алдымен түрлi орындаушы, дарынды өнерпаздардан тыңдаған. Ол ХVIII ғасырда жоңғар жаулаушылығына қарсы күрескен қазақ батырларына қатысты аңыз бен жырды бала кезiнен сан рет естiп, санасына құйған. «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Ер Көкше» сынды эпикалық жырларды, тарихи аңыздарды, ертегiлердi, тұрмыс-салт өлеңдерiн айтушылар ол кезде жиi ұшырасатын Сондықтан оның бойына жинаушылық қабілет жастайынан қалыптасты. Көкшетау округiнiң тамылжыған әншiлiк дәстүрi жас Шоқанның эстетикалық талғамын ұштаған ғажайыптың бірi. Шоқан жазбаларында аттары жиі ұшырайтын Жұмағұл, Жанақ, Орынбай, Арыстанбай, Шөже сынды ақын, жыршылар, түрлi әншi-күйшiлер, Шыңғыс Уәлиханов аулына келiп, апталап, айлап жатып, өз өнерлерiмен халықты қуанышқа бөлеп отырған. Әрбiр орындалған күй, аңыз-жыр, толғаудың өзі тарих, әдебиет т.б. толы мұра болды. Айтушылар тек жұртшылық көңілін көтерумен шектелмей, тыңдаушыға тарихи бiлiмді де таратты. Ш.Уәлиханов қазақ хандары тарихы туралы шежiрелiк мағлұматтарды ата-анасынан, құймақұлақ қариялардан естiп бiлсе, сол тарихтың желiсiн ауыз әдебиетi шығармаларынан да аңғарып білді.
Сонымен қатар ол ел намысы үшiн жан аямай жорыққа аттанып, асқан ерлiктер көрсеткен, күнi кеше ғана (ХVIII ғасырда) өмір сүрген Бөгенбай, Қабанбай, Жәнiбек, Сырымбет, Олжабай, Малайсары, Жасыбай, Баян сынды батырлардың да тарихын алғаш рет қариялардан естіп таниды. Өз халқының осыншама бай тарихын жасында қанып тыңдап, құлағына сiңiрiп, олардың сөзiн де, сазын да, аңызын да бiлуi Шоқанның алдағы зерттеушiлiк бағытқа келуіне өз ықпалын жасады.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы – төрелер тарихын терең зерттеген ғалымдардың бірі. Ол да Шоқан Шыңғысұлы деректерімен В.Радлов, В.Вельяминов – Зернов еңбектерімен таныс болған. Төрелер шежіресін және Абылай хан және оның заманындағы би-батырлар туралы аңыз-әңгімелерді Шоқан Шыңғысұлы жинағандарынан көріп, өзі де ел аралап жинаумен айналысады. Оның қолжазбаларындағы мәтіндер ұқсастығына қарап, дерек берушілер барлығына ортақ бір адам деген пікірге келеміз.
Е.Жүсіпов құрастырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының көптомдық шығармалар жинағындағы 8-томында берілген түсініктемеге назар аударсақ, онда хандар генеологиясының толық тізімі алғаш рет берілген. Барлық жоғарыда келтірілген деректер ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұсынып отырған нұсқалары неғұрлым толығы. Сондықтан Орталық ғылыми кітапхана қолжазба қорында сақтаулы тұрған оның қолжазбалары Отандық тарих ғылымы үшін өте құнды. Сонымен бірге №1170 «а» бумасының ішінде мәтін басында: «Тимучин – Шыңғыс» деген оқшау сөздер жазылған.
Осыған ұқсас мәтінді 1905 жылы шыққан Ә.Бөкейхановтың тапсырысымен берілген қолжазбадан да көруге болады. Ондағы деректер әр жерден жинақталып алынған. Соның ішінде Ә.Бөкейхановтың Қарқаралы төрелері шежіресі кітабына назар аударарлық. Себебі Ә.Бөкейханов та төрелер әулетінен және оның мәліметтері толығымен берілген. Е.Жүсіпов түсініктемеде екі жерінде ғана өзгешелік бар дейді: 1. Жикефар ханымды Бөкейдің (негізінде Шыңғыстың-Е.Қ.) зайыбы деп көрсетуі.
2. 1905 жылғы кітапта Әзхан 30 жаста деп берсе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Әлихан Бөкейхановты 1903 жылы 30 жаста болған деп көрсетеді (18, 8 т., 446-б.). Е.Жүсіпов көшіру барысында екі кеткен қателік себебін өзінше түсіндіреді: бірінші қателік – жинаушы тарапынан кетуі болса, ал екіншісі – баспахана тарапынан (Әлихан орнына Әзханды 30 жаста деп көрсету- Л.Қ.) кеткен кемшілік болуы ықтималдығы. Бұл мәтін туралы толығырақ Ә.Бөкейханов таңдамалысынан (19, 114-117-беттер) және Жолмұрат көшірмесінің 3-топтамасынан көруге болады.
ХІХ ғасыр екінші жартысында ауызша тарихи дәстүрді жинаудың маңызы, мақсаты мен шарттарының негізін қалаған Ш.Уәлиханов, В.Радлов, Г.Потанин тәрізді ғалымдардың ізденістері ХХ ғасырда жалғасын тапты. Ресейдің империялық-отарлық саясаты орыс ғалымдары мен жазушыларының қазақ еліндегі ғылым мен мәдениеттің, қоғамдық ой-пікірлердің дамуына үлкен үлес қосуына, әсіресе, қазақ ауызша тарихи дәстүрына арналған мақалалар жазылуына, түрлі библиографиялық көрсеткіштер жариялануына т.б. өз әсерін тигізді.
ХХ ғасыр басында баспасөз беттерінде қазақ тарихына қатысты үлгілер жиі басылып, жинаушылар есімдері де көрсетіле бастады. Нұсқалар көбінесе әрі қазақ тілінде, әрі орыс тіліндегі аудармасымен қатар басылып отырылды. Бұл баспасөз беттерінде Ресей ғалымдарымен қатар қазақ зиялылары да М.Көпеев, Б.Адықов, Ж.Айманов, Қ.Жапанов, Б.Райымбеков,
Т.Сейфуллин, Р.Дүйсембиев, т.б. есімдері де бар. Қай елдің болсын ескі тарихынан, мәдениетінен, өткен-кеткенінен мол материал беретін, сыр шертетін дерек көзі – ол халықтың өзі жазып қалдырған қолжазбалары екені баршаға мәлім.
Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының Орталық Ғылыми кітапханасы мен М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында ХIХ-ХХ ғасырларда жиналған ауызша тарихи дәстүрлік шығармалар мол сақталған. Онда Ә.Диваевтың, тарихшы Н.Веселовскийдің, М.Көпеевтің, Ш.Жиһангеровтың, Т.Ізтілеуовтың, Б.Мұсабектің, т.с.с. көптеген тарихшылардың, фольклоршылардың, ақын-жазушылардың кітаптары мен қолжазбалары да бар. Мысалы, Ә.Жиреншин «Қазақ кітаптары тарихынан» (Алматы, 1971) атты еңбегінде: «Жүзден артық жазба, ауызша мұраны жинап, кітап, газет-журнал бетінде жариялаған Әбубәкір Диваевтың, кезінде Орта Азия және қазақ әдеби мұраларын, кітаптарын жинаған Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің зиялы еңбектері де еске аларлықтай. Мәшһүр көптеген ақын, жыраулар мен Саққұлақ би, Майлықожа, Ақан серімен кездесіп, айтқандарын қағаз бетіне түсіріп алады. Ол Науаидің «Хамсесін», Низамидің «Жеті аруын» Бұхарадан, Түркістаннан алып келеді» делінген. Сондықтан ХХ ғасыр басында ауызша тарихи мұралар қағаз бетіне түсе бастап, ескі кітаптар мен қолжазбалар түрінде де жинала бастағаны күмән туғызбайды.
ХХ ғасырдан 20-жылдарына дейін қазақ газет-журналдары мен кітаптары Қазан, Уфа, Орынбор, Омбы, Томск, Троицк, Петербург қалаларында басылып келді. Мысалы, Қазан университеті жанындағы Н.Лобачевский атындағы ғылыми кітапхананың қолжазба қорында көптеген қазақтың ауызша тарихи нұсқасы сақталған. Мәтінді жинау жұмыстарында алғашқылары тілдің жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, мәтінді дәл түсіріп отырған. Кейінгілері ХХ ғасырдан бастап мәтінді ел аузынан жазып алғанда, қажетті паспорттық мағлұматтар бірге жазу ісін қолға алды. Сөйтіп жазу сапасы артты. Сондықтан олардың жазбаларын қазақ тарихы, философиясы, этнографиясы, әдебиеті, т.б. ғылым салалары үшін ең баға жетпес дерек көзі болып қала берді. Жоғарыда аталған деректерді саралай келе, олардың кеңестік дәуірдегі зерттеу еңбектерінен табылмауы тарихымыздың жан-жақты зерделенбегеніне көзімізді жеткізеді. Соның ішінде ХV-ХVIII ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихына қатысты төл деректердің әртүрлi себептермен зерттелмей келуі заңды құбылыс.
Лаура ЖҮСІПОВА,
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік
университеті қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымының докторы