Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі

840

Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен алдағы жылы ел тарихында тұңғыш рет театр және кино саласы артисінің мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде ұйымдастырылмақ.

Әмина Ерқожақызы – 1949 жылдан өмірінің соңына (26.09.2006 ж.) дейін, жарты ғасырдан астам уақыт Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызмет етті. Көптеген кинофильмдер мен театр қойылымдарындағы жарқын бейнесі арқылы халық жүрегінен орын тапты. Есімі ел есінде жатталған сахна саңлағының туғанына 8 наурызда 100 жыл толады. Ол 1919 жылы Шығыс Қазақстан (бұрынғы Семей) облысының Абай ауданында өмірге келген. 1938 жылы Ленинград қаласындағы Театр институтын бітірді. Өнердегі алғашқы еңбек жолын Шымкент облыстық драма театрынан бастады. Ә.Өмірзақова қазақ театры сахнасында 68 жыл бойы қызмет етіп, 150-дей рөл сомдады. Кино саласына сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан» қазақ көрерменіне кеңінен таныс. Дегенмен оны танымал еткен 1945 жылғы «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажардың рөлі. Осы рөл арқылы ол қазақ кинематографиясының элитасы қатарына кірді. 1945-1963 жылдар аралығында «Жамбыл», «Қыз жігіт», «Қанатты сый», «Әрі қалжың әрі шын» фильмдерінде шеберлік танытты. Сондай-ақ «Ана туралы жыр», «Тақиялы періште», «Жұлдызыңды сақта», «Мама Роза», «Шаңырақ» картиналарында қазақ анасының бейнесін нанымды сомдады.

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.