сурет: parlam.kz
https://turkystan.kz/article/271752-amanzol-altai-kartop-eksportyna-salyngan-tyiymnan-sarualar-zapa-segip-otyr
Картоп экспортына салынған тыйымның кесірінен шаруалар жапа шегіп отыр. «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай Премьер-Министр Олжас Бектеновке ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына енгізілген шектеулер бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың сөзінше, ведомствоаралық комиссия қабылдайтын шектеулер фермерлердің табысын азайтып қана қоймай, тұтас саланың дамуына қауіп төндіріп отыр. Соңғы жылдары мал басының азаюы мен ет бағасының қымбаттауы – тұрақсыз шешімдердің тікелей салдары.
– Тері мен жүн он жыл бойы экспортқа шықпай, өңдеушілердің жекелеген мүддесіне байланды. Нәтижесінде бағалы шикізат далада шіріді. Ал фермерлердің маңдай тер еңбегі еш кетті, – деді депутат.
Дәл осындай проблема өсімдік майы нарығында да байқалады. Күнбағыс экспортына тоннасына 100 еуро баж салығы қойылғанымен, өнімнің 80%-ы әлі де бастапқы өңдеу деңгейінде сыртқа кетіп жатыр. Ал фермерлерден алынатын шикізат құны тым төмен деңгейде ұсталған.
Депутат ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеуді қолдайтынын айтты, алайда өңдеушілер фермердің есебінен пайдаға таппауға тиіс екенін атап өтті:
– Еңбегі еленбей жүрген мыңдаған шаруаны «Қарға мен түлкі» мысалындағыдай алдап, бар табысты бір жаққа бұрып қоюға жол бермеу маңызды.
Соңғы мәселе – картоп экспортына шектеу қою туралы жоспар жобалары. Оның айтуынша, мұндай ақпарат жарияланған сәттен бастап Өзбекстан сынды негізгі сатып алушылар мәмілелерді тоқтатуы мүмкін, ал мемлекеттік органдар фитосанитариялық құжаттарды беруде кедергілер жасай бастайды.
Депутат биыл Қазақстанда картоп өндірісі 20% өсіп, 2,9 млн тонна өнім алынғанын еске салды. Ресейде де мол өнім бар. Екі ел үшін де негізгі экспорттық нарық – Өзбекстан. Осы жағдайда шектеу енгізілсе, зардапты кім тартатыны анық: фермердің табысы азаяды, несие жабылмайды, жалақы төлеу қиындайды.
Аманжол Әлтай Үкіметке мына ұсыныстарды жеткізді:
Қоймалардағы картоп көлеміне нақты мониторинг жасау;
Ресейден және өзге елдерден өнім тасымалына талдау жүргізу;
Жеке қосалқы шаруашылықтардағы өнім көлемін есепке алу;
Тұтыну балансына ауыл халқының өзін-өзі қамтамасыз етуін енгізу;
Экспортқа тыйым салу туралы кез келген шешімді Парламент комитетінде алдын ала талқылау.
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/271752-amanzol-altai-kartop-eksportyna-salyngan-tyiymnan-sarualar-zapa-segip-otyr