Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үй кешені үш жылдан кейін апатты жағдайға жеткен

259

Алматыда тұрғындар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған «Alma City 5» тұрғын үй кешенінде ауыз су жоқ екенін айтып шағымданды. Мәселе тек бұл ғана емес дейді. Мысалы, кешендегі 31-үйде ыстық су құбыры жарылып, жертөле суға толған. Сөздерінше, мұндай жағдай жиі қайталанады. Алайда жауаптылар мәселені біле тұра шара қабылдамайды деп ашынады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Тұрғындар ыстық су жарылғанда өздері өшіргенін, ешқандай маманның келмегенін айтады.

“Ззіміз өшірдік. Ертесінде сантехник келді, суды сорған жоқ. Сол күйі жатыр. Қазір көрсете аламын. Су сасып жатыр, ішінде құрылыс компаниясының қоқыстары да бар”, – дейді қала тұрғыны Қарақат Талғатова.

Көп балалы ана Гүлбану Оразбекова пәтерін мемлекеттік бағдарлама арқылы алған. Алайда үйлердің сапасы өз бағасына лайық емес деп ашынады.

“Alma City”-ге ақ арманыммен келгенмін. Бір жыл жүгіріп жүріп, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен ипотекаға үй алдым. Бірақ қазір жағдайды көріп жүрегім ауырады. Түнгі сағат 1-ден кейін су келеді. Түнгі бірден кейін балаларды шомылдыруымыз керек. Адамда ауыз су болмағаннан кейін тіршілік жоқ қой. Біз үйді тегін алған жоқпыз ғой. “Шаңырақ” бағдарламасымен алғандар 150 мың төлейді, мен ай сайын 70 мың төлеймін”, – дейді Гүлбану Оразбекова.

Бұл пәтерлер «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары бойынша кезекте тұрған көп балалы отбасылар, жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілген. Алайда төменгі қабатта тұратындарға су сыздықтап келсе, жоғарғы қабаттарда мүлде жоқ. Тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр.

Ауыз су мардымсыз болса да, жергілікті шенеуніктер «жоқтан жақсы ғой» дегендей сыңай танытқан. Аудандық коммуналдық қызмет бөлімінің маманы судың төменгі қабатта бар екенін, “мүлде су жоқ” деп айтуға болмайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар кешенде 2 жерде ғана қоқыс тастайтын орын бар. Оның өзі үйдің дәл жанында. Әрі аула мен үйлердің кіреберісі де тазаланбайды екен. Ал үйді күтіп ұстау міндетін алған пәтер иелері кооперативі шара қабылдамайды. Бұған қарамастан азаматтар «Тұрғын үйді ұстау шығыны» үшін ай сайын шаршы метріне 52 теңге төлеп отыр. Бірақ лайықты қызмет көрсетілмейді. Ал аудан әкімдігі мәселені шешуге қауқарсыз.

“Аудан әкімшілігі ретінде бұл жерде көп сұрақтың біз жауабын тауып бере алмаймыз. Құрылыс компаниясы берген кепілдіктер бар. Сіздер айтқансу ағу мәселесі бойынша 5 жылдық инженерлік және үйдің құрылысына кепілдіктері бар”, – деп мәлімдеді Наурызбай аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Өркен Қодаров.

Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй кешенін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 5 ұңғыма бұрғыланып біткен. Енді 1-1,5 айдан соң су беріледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.