Алматыда қалалық Мәслихаттың кезектен тыс XXI сессиясы өтті, деп хабарлады turkystan.kz сайты BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин сессия барысында қоғамдық көлік құнын 120 теңгеге дейін көтеруді ұсынды.
2023 жылы тамызда қоғамдық көлікте жол жүру тарифін өзгерттік. Тариф құны электронды төлеген кезде 100 теңге, ал қолма-қол төлеген кезде 200 теңге мөлшерінде белгіленген. Осыған қарамастан субсидия көлемі 20%-ға өсті. Себебі бүгінгі шынайы тариф 310 теңге, ал кейбір маршрутта 400 теңгеге жетеді. Осы сомамен қолданыстағы тариф айырмашылығын әкімдік осы күнге дейін жауып келеді. Бірақ қала бюжетіне жүктемені азайту қажеттілігі бар. Осыған байланысты қоғамдық көлікте жол жүру құнын 120 теңгеге дейін арттыру ұсынылады. Бұл шешім субсидиялардың көлемін 7 млрд теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді, — деді Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.
Ал Алматы қалалық Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев Алматыда 23 тасымалдаушы жұмыс істейтінін, оның 22-сі жеке, біреуі коммуналдық автопарк екенін атап өтті.
Оның айтуынша, күн сайын шамамен 2468 автобус жүреді және қоғамдық көлікті күніне 1,5 млн адам қолданады. Оның ішінде жолаушылардың 3%-ы ғана қолма-қол ақша төлейді. Сондықтан жаңа жоба бойынша қолма-қол ақша төлеу тәсілін алып тастау ұсынылды.
Мәслихат депутаттары сессия соңында қоғамдық көліктің ақысын 20 теңгеге көтеру туралы ұсынысты қолдады.
https://turkystan.kz/article/246088-almatyda-kogamdyk-kolikte-zhuru-akysy-20-tengege-kymbattady