Алматыда имплант тіс салдырған соң әйелдің бет сүйегі шытынап, жағы жансызданып қалған

69

Видеодан скриншот

Салған жасанды тістері 1 ай өтпей түсіп, қызыл иектің кей тұсы іріндеп кеткен көрінеді. Дәрігерге көңілі толмаған келіншек енді 1 миллион 200 мың теңгесін толық қайтаруды талап етіп отыр.

“Әйел 32 тістің 11-не имплантация жасатуға 1 жыл бұрын жүгініпті. Сөзінше, алғашында бәрі жақсы болған, бірақ 21 күннен кейін жасанды тістері сыр бере бастаған. Кейбірі қадалған орнында қатаймай түсіп те қалған екен. Осыдан соң дәрігер бірнеше мәрте ота жасады дейді”, – деді Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сәуле Махатова.

“Ұзын имплант салған. Себебі ол менің жақ сүйегімді көрген жоқ. Арасы қанша сантиметр, миллиметр екенін білмейді. Ол екі жағыма бірден ұзын имплант салды. Қазір енді ісік бар, соны басқан кезде ірің шығады. Бассам, импланттың түбінде ірің бар. Ал 40 мың теңге деп қойған уақытша тістерінің бонттары тым қысқа болған соң түсіп қалып жатыр”, – деді алматылық Мөлдір Әлиева.

Жасанды тіс салдырамын деп әлекке салынған әйел дәрігерден қызметі үшін алған ақшаны толық қайтаруды талап еткен. Бірақ жекеменшік клиниканың басшысы бұл өтінішті орындамайтынын айтты.

“Біз қызметімізді соңына дейін көрсетеміз. Дене қабылдамаса, оны бірден айтамыз. Өзге ағза организмге салынады, біз оны қайта салып бере саламыз, қиындық жоқ. Бірақ пациенттің өзі енді ондайды қаламайды. Біз өзіміздің еңбек үшін алған соманы қайтарып береміз, ал материал үшін кеткен шығынды компаниялар қайтармайды ғой”, – деді имплантолог Шыңғыс Кәрімбаев.

Әйел енді мәселесін құзырлы органдар арқылы шешпек. Ол прокуратураға да арыз қалдырған.

Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті өкілінің айтуынша, қызметке көңілі толмаған жағдайда шағымданушы ең әуелі дәл сол мекемеге наразылық хат жолдауы қажет.

“10 күнтізбелік күннің ішінде жауап берілу керек. Кейбір сатушы немесе қызмет көрсетуші сол мерзімді өткізіп алып жатады. Ондай жағдайда біз тексеру аша аламыз. Тұтынушының наразылығына жауап бермегені үшін шара қолданамыз”, – деп мәлімдеді Алматы қаласы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сәуле Махатова.

Наразылық хатпен мәселе шешілмесе, даудың нүктесі сот арқылы қойылады дейді маман.

https://stan.kz/almatida-ayel-implant-tis-saldirip-bet-suyegi-shitinap-404329/

Leave A Reply

Your email address will not be published.