Алматыда ерлі-зайыптылар жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатпақ болған

80

Алматыда ерлі-зайыптылар жаңа туған сәбиін 2 млн теңгеге сатпақ болған деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, Алмалы ауданында арнайы іс-шараны ҰҚҚКБ жедел уәкілдері мен полицияның арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп жүргізді. Үйлестіруді Алматы қаласының прокуратурасы жүзеге асырды.

«1998 жылы туған Б. есімді әйел мен оның 1991 жылы туған Б. есімді күйеуі ұсталды. Бірнеше сағат бұрын әйел перзентханадан шыққан. Сол жерден бірден мәміле жасауға кеткен. Олар ұлын 2 млн теңгеге бағалаған. Айта кету керек, ерлі-зайыптылар дүниеге әлі келмеген бала үшін «әлеуетті ата-ананы» алдын ала іздеген. Жаңа туған нәрестені сатудан түскен ақша айыпталушыларды ұстау кезінде тәркіленді. Іс сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 135-бабы 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша тіркелген қылмыстық іс материалдарына қосылды. Қылмыстық іс аясында жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев.

Бұл ерлі-зайыптылардың екі баласы бар екені анықталды. Олар ауыр қылмыс бойынша өз кінәларын толықтай мойындады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.