Алматы облысында әскерде жұмыс істеген қызға командирлері жыныстық алымсақтық жасап, қорлық көрсеткен — Қорғаныс министрлігі түсінік берді

194

Қазақстандық ару әскери қызмет кезінде командирлер тарапынан жыныстық алымсақтық мен қудалауға ұшырағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ол «НеМолчиKz» қоғамдық қорына жүгініп, оқиғаның Алматы облысы Шеңгелді кентіндегі 54179 әскери бөлімде болғанын жеткізген.  Әскерге келісімшартпен жұмыс істеуге барған қыз ақыры жұмыстан қашып құтылған.

“Мен, келісімшарт бойынша әскери қызметкер, қатардағы жауынгер Елшібаева А.Б., 2019 жылдың 13 желтоқсанынан бастап Шеңгелді кенті Қапшағай қаласының 54179 әскери бөліміне қызметке шақырылдым. Бастапқы келісімшарт мерзімі 3 жыл болған. Бірақ 2022 жылы мамырдың 3-і күні аттестаттаудан өтпеуіме байланысты мерзімінен бұрын қызметтен босатылдым. Осы жылдар бойы бірнеше рет өзімді жақсы жағымнан көрсетіп, адал қызмет етуге барымды салдым. Алайда әскери бөлім қолбасшылығының немқұрайлылығымен 1 батальон майоры Қошанов Ертай Молдағалиұлы ары қарай қызмет жасауыма мүмкіндік бермеді”, – деген ару.

Әскери бөлімде қызмет ете бастаған кезімнен бастап 1 батальон командирі (бұрынғы) Кошанов Е. М. арудың ізіне түсіп, жыныстық алымсақтық әрекеттер жасған.

“Оның өз отбасы бар. Алайды майор Қошановқа ол кедергі болмады. Ұсынысынан бас тартқанымды теріс қабылдап, сол үшін мені бірнеше рет қорлады. Қадір-қасиетімді аяққа таптайтын сөздер айтты. Оған бағынышты офицерлер майор Е. М. Қошанов жасаған қорлық пен сұмдықты байқамайтындай кейіп танытуға тырысты. Ал подполковник Байжан мен оның саяси бөлім жөніндегі орынбасары бұл іске көздерін жұмып қарап, оған ескерту жасау секілді ешқандай шара қолданбады. Оның үстіне өздері маған жаман ойларын тұспалдап білдіретін”, – дейді Елшібаева.

Ол бірнеше рет сол жердегі әскери бөлім басшылығына атап айтқанда, бөлім командирі подполковник Байжан мен оның орынбасары капитан Талғат Сейсекұлы Жақсыбаевқа майор Қошанов тарапынан қудалаудан қорғау жөнінде бірнеше рет өтініш білдірген. Алайда батальон командирі майор Қошановқа қатысты ешқандай шаралар қабылданбапты.

“Керісінше, өтініштеріме “сен сұлу қызсың, біз сенің жеке өміріңе араласа алмаймыз, ағаң емеспіз, командирді таңдай алмайсың, әскерге сені ешкім мәжбүрлеп әкелген жоқ» деген жауаптар еститінмін”, – дейді ол.

Осы жағдайлардан кейін тұрақты қысым көріп, көпшілік алдында бірнеше мәрте қорланған қыз күйзеліске түсіп, псориаз мен гастритке (эрозиялық) шалдыққан. Бұдан кейін әскери госпитальда емделуіне тура келіпті.

“Майор Қошанов Е.М тиісті жазадан оңай құтылды, оны жай ғана басқа әскери бөлімге ауыстырып жіберді. Оның орнына Қошановтың жақын досы, әріптесі майор Еркебұлан Мұратұлы Кәріпбековті тағайындады. Оған майор Е. М. Қошанов мені жұмыстан шығару туралы міндет қойып қойған болса керек. Е.М. Кәріпбеков батальон командирі болып тағайындалғаннан кейін менің әскердегі қызметім адам айтса нанғысыз болды. Майор Е.М. Кәріпбековтің тарапынан одан да асқан қорлауға, кемсітуге және мазаққа ұшырай бастадым. Тағы да бөлім қолбасшылығы ештеңе болмағандай кейіп танытуын жалғастырды”, – дейді А. Елшібаева.

Арудың айтуынша, майор Е.М. Қарыпбеков әскердегілерді жиі таңғы 5-6-7-де жинап тұрған. Көбінесе өзіне бағынышты қызметкерлерден әртүрлі қажеттіліктеріне ақша жинаған. Керек кезде үстіндегі киімдеріне дейін шешіп алыпты.

“Әр кез сәті түссе маған «Елшібаева сен әскердегі масқарасың, ұятсызсың (мен жүргізуші куәлігін әкелмеген болатынмын), сен үшін жеке құрам зардап шегіп отыр. Сені жұмыстан шығарып жіберу керек”, – дейтін. Майор Е. Кәріпбековтің үнемі осындай қорлауы мен кемсітуінен менде аутоиммундық емделмейтын псориаз ауруы қайта қозды. 54179 әскери бөлімінің басшылығы әлі де болып жатқан оқиғаларға көз жұмып қарады. Мен тиісті өтінішпен Қапшағай қаласының әскери басқару органына жүгіндім. Сол жерде лейтенант Нығыманов Данияр мені өзінің бастығы Дігімбаевқа апарды. ӘБО бастығы мені тыңдап, дәлел жоқ болғандықтан, өтініш жазудың қажеті жоқ екенін және майор Кәріпбековпен өзі сөйлесетінін айтты”, – дейді ол.

Осылайша ол дәлел жинау үшін Кәріпбековке смартформен кірген.

“Әскери қадағалаушы бөлімнің тексерісі болды (…). Тексеру барысында, менің келісімімсіз, кеудемнен дәлізде ерлердің жанында жыныс мүшелерімнен ұстады. Басқа бөлмеге апару туралы өтінішімнен бас тартты. Кейіннен жұмыстан босатылғанға дейін тағы бір тексеріп, дененің әртүрлі бөліктерін ер адамдардың көзінше ұстады», — дейді қыз.

Әскери қызметкердің айтуынша, осы жылдың наурыз айында аттестаттау кезінде тағы қорланған. Қыз оны заңсыз жұмыстан шығарғанын мәлімдеді, кейін ол Қапшағай гарнизонының әскери прокуратурасына арыз жазған.

«Алайда мені қанағаттандыратын нақты жауап алған жоқпын. Бөлім басшылығы мен туралы жағымсыз пікір қалыптастыру мақсатында жиналыстар өткізіп, қол астындағы қызметкерлерді қорқыта бастады. Сонымен бірге бөлім заңгері арқылы келіссөздер жүргізуді ұсынды», — деп қорытындылады ол.

Бүгінгі таңда қыз әскердегі қызметтен кеткен. Оның мүгедек анасы мен інілерінің жалғыз асыраушысы, әкесі жоқ екендігі атап өтілді. Ол қорғаныс министрінен өзін қорлағандарға, заңсыз жұмыстан шығарғандарға қатысты шаралар қабылдауды сұрайды.

Қорғаныс министрлігі осы мәлімдемеден кейін шұғыл түрде комиссия құрылғанын мәлімдеді. Жағдайды Қорғаныс министрі өз бақылауына алған.

«Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел түрде комиссия құрылып, әскери бөлімде тексеріске кірісіп кетті. Қатардағы жауынгер А.Б. Елшібаеваның әлеуметтік желілерге жариялаған фактілері анықталған жағдайда кінәлілер қатаң түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тіпті қызметтен шығарудан бастап қылмыстық іс қозғауға дейін жауап беретін болады. Тексеру барысы Қорғаныс министрінің жеке бақылауына алынды», — делінген министрлік таратқан хабарламада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.