Алкоголь мен темекі Жер халқы үшін ең қауіпті есірткі деп танылды – олар тәуелділікті тудыратын өзге де заттарға қарағанда адамдардың өмірімен қоштасуына жиірек себеп болады, – деп хабарлайды “Zhambylnews” АА Baq.kzсайтына сілтеме жасап.
«Жер бетіндегі әр бесінші ересек азамат айына бір рет болсада салынып арақ-шарап ішеді, ал әр жетінші азамат күн сайын темекі тартады. Өз кезегінде, олар адамның рак ауруына шалдығуына және өте жас қайтыс болуына себеп болып жатады. Ал, өзге есірткі түрлері бірнеше есе аз қолданылады», – деп жазады Сиднейдегі (Австралия) Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің маманы Эми Пикок және оның әріптестері.
Соңғы жылдары мамандар алкогольдің бауырды зақымдап қана қоймай, психологиялық және физиологиялық тәуелділікті тудыратынын, рак, диабет және өзге де көптеген ауыр дертке шалдығуға себеп болатынын анықтаған. Сонымен қатар, темекінің де осындай жағымсыз тұстары анықталған.
ДДСҰ-ның статистикасына сүйенетін болсақ, әлемде қайтыс болған әр 110 мың азаматтың 100 мыңы темекіден көз жұмған. Алкоголь шамамен үш есе кем адамның өмірін жалмаған. Ал, есірткі он есе аз адамның өмірін құрдымға жіберген. Ішімдіктен көбіне Еуропа халқы зардап шексе, темекіге үлкен тәуелділік Океания мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде байқалады.