ӘЛИ — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ

344

 

2005 жылы өмірге келген Әли Бауыржан — Мырзатай ауылының тумасы. Ол жастайынан спортты өзіне серік еткен жан. Мектепте оқып жүргенде-ақ  боксшы әкесі, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әділбектің ықпалымен бокспен айналысып, спорт мектебінде шыңдалды. Үйде әкесінің де үйреткені аз болмады. Жоғарғы сыныпқа келгенде алдымен аудандық, одан кейін облыстық жарыстарда өзін мықты боксшы ретінде көрсете білді. Өз салмақ дәрежесі бойынша аудандық, облыстық жарыстардың бірнеше рет чемпионы атанды. Республикалық жарыстардан  да құр алақан қайтқан емес.
-Әли Бауыржан 9 жасынан бастап бокспен айналысқан талантты жас. Ол аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық турнирлер мен чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Командада өзін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Жаттықтырушының тапсырмасын толық орындайды, оқу-жаттығу сабақтарынан қалмайтын, тәртіпті, еңбекқор жас. Команда арасында үлкен құрметке ие,-дейді Жамбыл облысы «Жамбыл кәсіпқой бокс клубының» басшысы М.Мәзімбаев.
Иә, елімізге танымал спорт маманы айтқандай, Әли шындығында да мақсатты, жігерлі азамат. «Дайындықта көп тер төксең, жарыста жеңіске бір табан жақындай түсесің» деген сөз бар. Сондықтанда Әли үнемі дайындалу, ізденіс үстінде болды. Ал ол қашанда өз нәтижесін беріп келеді. Жастайынан шыныққан ол шаршы алаңға шыққанда шиыршық атып, қарсыластарын талай мәрте қапы қалдырды. Оларды бұрышқа талай тығып қойып, жойқын соққылардың астына алғаны бар. Қарсыластарының нокдауынға түскені, нокаут алып, сұлап жатқандары да аз болған жоқ. Соның арқасында талай биіктерді бағындырды.
Бар болғаны 17 жастан енді ғана асқан Әли бокстан Жамбыл облысының және Қазақстан Республикасының чемпионы. Сондай-ақ жекпе-жектен Қазақстан, Азия, Әлем чемпионы. Көптеген халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Ұлы тұлға Д.Қонаев атындағы халықаралық Гран-приінің жеңімпазы. Ал каратэ киокушинкайдан облыс, республика чемпионы атанған талантты жас.
Жерлесіміз Бауыржан Әли Әділбекұлы аз уақытта спорттың бірнеше түрін қатар меңгеріп, осыншама жетістікке жетіп отырған саңлақ спортшы. Ол каратэ киокушинкайдан спорт шеберлігіне үміткер болса, бокстан спорт шебері. Ал Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астанадан тағы бір қуанышты хабар келді. Ол жекпе-жектен Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Біздің облысымызда мұндай атаққа қол жеткізген спортшылардың санаулы ғана екенін еске алсақ бұл үлкен көрсеткіш.
Әли үздік спортшы болумен қатар «жекпе-жек» спортынан жаттықтырушы әрі халықаралық дәрежедегі төреші. Ол өзінің осы спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктері арқасында әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізді. Олардың арасындағы Жаңа жыл қарсаңында «Қазақстанның Құрметті азаматы» атағына ие болуы талайды таң қалдырды. Бұл хабарды теледидардан көріп, тыңдағанда Мырзатай ауылы ғана емес, байзақтықтардың қуанышында шек болмады. Спорттың үш түрімен қатар айналысып, үнемі жарыс жеңімпазы аталып жүрген Әли бірнеше шет мемлекеттерде болды. Халықаралық, әлемдік жарыстарда да бокс, жекпе-жек, каратэ киокушинкайдан үнемі жүлдемен оралып жүрді.
Бүгінде Жамбыл облыстық экономикалық  сотында қызмет етіп жүрген Әли  Әділбекұлы Тараздағы «Қайнар» техникалық колледжінің студенті. Ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген жерлесіміз, саңлақ спортшы Әли Бауыржанды жаңа жетістігімен құттықтаймыз! Әлидің алдағы уақытта  бұданда жоғары жетістікке жетіп, талай шыңдарды бағындыруына тілектеспіз.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Мырзатай ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.