Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті. Олардың бәрі вакцина салдырмаған.
Ақтөбе облысы бойынша, қызылша ауруына шалдыққан адамдарды емдеу үшін 327 кереует дайындалды. Оның 200-ден астамы балаларға арналды. Ал Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының оңалту бөлімінде 215 кереует ашылды. Аудандарда 101 кереует әзірленді. Қазіргі кезде облыста 145 адам ауруханада жатып, ем қабылдап жатыр.
— Қазір қызылша жұқтырған бес бала жансақтау бөлімінде жатыр. Олар 5 айлық, 6 айлық, 10 айлық, 2 жас 7 айлық және 1 жас 4 айлық балалар. Бәрі вакцина салдырмаған. Барлық баланың жағдайы ауыр. Тыныс алу жолдары зақымданған. Ем-домның арқасында беті бері қарап келеді, — деді Басқармасы басшысы Рүстем Исаев.
Жаппай иммундау шарасы аясында 30 мыңнан астам бала вакцина салдырды. Бұл екпе қабылдауы тиіс балалар санының 60 % құрайды.
— Облыстық денсаулық сақтау басқармасы стационарлық ем алып жатқан ауруханаға инфекционист, реаниматолог, жалпы тәжірибелі дәрігер жіберілді. Мониторинг топ күнде емханаларға барып, түсіндіріп жүр. Ахуалдық орталық та құрылды,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Түлкібаева.
Айта кетейік, қазір өңірде қызылшаға қарсы 50 мың доза вакцина бар.
https://turkystan.kz/article/238944-a-t-bede-yzylsha-zh-tyr-an-5-bala-zhansa-tau-b-liminde-zhatyr