Ақтөбеде 4 жасар бала шетінеп кеткен бауырының табытын күзеткен

148

Ақтөбеде ашқұрсақ 4 жасар бала шетінеп кеткен бауырының табытын күзеткен деп хабарлады turkystan.kz «КТК» арнасына сілтеме жасап.

Ақтөбеде шетінеп кеткен бауырының табытын күзеткен 4 жасар бала оңалту орталығына жатқызылды. Ата-анасы ішкілікке салынып бүлдіршіндерді қараусыз қалдырған. Араққұмар әке-шешесі қайтқан баласын жерлеуге де мұршасы болмапты. Оны көршілері байқап, еріктілерге айтқан. Жағдайы жоқ шаңыраққа дереу жеткен олар көзбен көргенінен шошып отыр.

Ішкілікке салынған келіншек ұлын тек қант қосылған сумен ғана асырап келіпті. Үлкен ұлы, төрт жасар Алеша да аштықтан бұратылып әрең жүр. Көршілері еріктілерден көмек сұрап, балалардың жағдайын айтып шағымданған. Дереу полиция шақырып, бүлдіршіндерді былтыр «Үміт» сәбилер үйіне орналастырыпты. Бірақ әкесі келіп қайта алып кеткен.

Бірер күн бұрын сол бір жастағы бөбек шетінеп, төрт жасар бала қараусыз қалған.

«Ешкім де келген жоқ. Балаларға жауапты қызметтің, тіпті, ісі болмады. Олар бақылауға алса, бір жасар бала өлер ме еді? Ата-анасын көріп тұр, қандай екенін, неге береді?! Құтылғанша асығады, оларға бәрібір», – деді  көршісі Анастасия Муромцева.

Көршілердің хабарлауымен бұл жолы тағы келген еріктілер үйдегі жағдайды көріп шошынған. Шетінеген шақалақ жатқан табытты бөлменің ортасына қойған. Оны жерлеуге араққа салынған ата-анасының мұршасы да болмаған сияқты. Төрт жасар бала бауырының мәйітінің маңайынан кетпей қойыпты.

«Бұл отбасындағы бір жастағы сәби шетінеп кетіпті. Мекенжайын тауып барғанымызда төрт жасар ұл ашқұрсақ, табыттың қасында жатыр. Үсті-басы қан-қан екі еркек үйде арақ ішіп отыр. Балалардың анасы да ішіп алған. Кішкентайының өкпесі ауырып шетінеді деді. Қорғаншы  бөліміндегілер осы күнге дейін қайда қараған?», – деді еріктілер тобының жетекшісі Екатерина Голотина.

Балалардың 34 жастағы анасы бұған дейін ата-ана құқығынан айырылған. Қамқоршы бөліміндегілер күзде әкесі келгенде балаларды қайтарып беруге мәжбүр болғанын айтады. Себебі әкесінің үй-жайы бар, маскүнем ретінде еш жерде тіркелмеген. Сондықтан балаларынан айыруға еш негіз болмады дейді білім бөліміндегілер.

«Ата-ана құқығынан айыруға іс жүргізейін деп жатырмыз. Сот қарайтын болады. Қазір ол бала «Аяла» орталығында орналасқан», – деді Ақтөбе білім бөлімінің бас маманы Мирас Тоқанбаев.

Қазір сәбидің өліміне қатысты тәртіп сақшылары ата-анасының үстінен қылмыстық іс қозғаған. Сараптама жасалып, бүлдіршін жүрегі ауырып шетінегенін анықтапты. Енді араққұмар әке-шешесі бала бағуды ұмытып, ашқұрсақ ұстағаны үшін жазаланады.

https://turkystan.kz/article/215481-aktobede-4-zhasar-bala-shetinep-ketken-bauyrynyn-tabytyn-kuzetken/

Leave A Reply

Your email address will not be published.