Қостанай облысы Жангелді ауданының тұрғындары Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйді қалпына келтірді. Биыл ұлт көсемінің үйінде ауқымды жөндеу жұмыстары жалғасатын болады.
А. Байтұрсынұлы ауылының жанында көне қорым бар. Саздан соғылған қоршаулар әбден үгітіліп біткен. А. Байтұрсынұлының туыстары жерленген бір ғасыр бұрынғы зираттар да бірте-бірте жемірілуде.
Моладан бір шақырымдай жерде, Ақкөл және А. Байтұрсынұлы ауылдарының арасында кішігірім үй бар. Көнекөз қарттардың айтуынша, сол жерде 1872 жылғы 5 қыркүйекте «Алаш» партиясының өкілі, қазақтың ұлы ғалымы әрі ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Ол кездері мұнда Сарытүбек ауылы отырған.
«Ата-бабаларымыздың айтуынша, Ахмет Байтұрсынұлы туған үй қаз-қалпында сақталған. Кеңестік кезеңде осында қоныстанған кеңшардың бақташылары да оны барынша сақтаған. Бірақ кейін үй бұзылып кетті. Екі ауылдың жастары үйді баяғы пішіні бойынша қалпына келтірді», — деп хабарлайды Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев.
Үйді сақталып қалған іргетасының арқасында қалпына келтіру мүмкін болды. Мұнда бар болғаны екі бөлме бар, оларға ортақ бір пеш салынған. Енді үйде кішігірім музей де бар. Музейді негізінен мектеп оқушылары келіп тамашалайды.
Биыл үйді күрделі жөндеу туралы шешім қабылданып, оған 11 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінді.