«Адал қоғам бейнесі» облыстық үздік бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталды

34

Жамбыл облысында жастар арасында ұйымдастырылған «Адал қоғам бейнесі» облыстық үздік бейнероликтер байқауы өз мәресіне жетті. Байқаудың негізгі мақсаты – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту және адалдық құндылықтарын кеңінен насихаттау.

Байқауға облыстың барлық аудандарынан және Тараз қаласынан жүздеген жас қатысып, қоғамдағы өзекті мәселелерді бейнеролик арқылы көрсетуге талпыныс жасады. Жастар адалдық, әділдік, шыншылдық пен азаматтық жауапкершілік тақырыптарын түрлі көркем тәсілдермен ашып, бейнероликтерді жоғары деңгейде дайындап ұсынды. Бұл олардың сыбайлас жемқорлықпен күрес идеологиясына бейжай қарамайтындығын және қоғамға пайдалы үлес қосуға дайындығын көрсетті.

Қазылар алқасы бейнероликтерді идеяның өзектілігі, креативтілік, техникалық сапа, көркемдік шешім және қоғамға әсер ету әлеуеті бойынша бағалады. Байқау нәтижесінде бірнеше номинация бойынша үздіктер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге алғысхаттар, арнайы сыйлықтар және ұйымдастырушылардың марапаттары табысталды.

Іс-шараға қатысушылар үшін бұл байқау өз шығармашылығын танытып қана қоймай, қоғамдағы адалдықты қалыптастыруға өз үлесін қосатын маңызды платформаға айналды. Ұйымдастырушылар алдағы жылдары да жастар арасында адалдық құндылықтарын дәріптейтін осындай жобалардың жалғасатынын атап өтті.

Аталған байқау жастардың азаматтық ұстанымын нығайтып, әлеуметтік жауапкершілікке баулуды мақсат еткен игі бастамалардың бірі болып есептеледі. Жас буынның санасында әділдік пен адалдық идеяларын қалыптастыру – қоғамның болашағы үшін маңызды қадам.

Материал Қордай ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік–әлеуметтік тапсырысы аясында әзірленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.