Испания сахнасында «Ұлы дала әуендері» әуелейді

642

Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі концерттік бағдарламамен Мадрид қаласына барады. Бұл туралы оркестрдің баспасөз қызметінен мәлім етті.

7 желтоқсанда Испания астанасы Мадридте өтетін концерт Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесіне арналады. Оркестрдің гастрольдік сапары Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Ұжым осы сапар аясында  екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты жандандыруды, қазақ өнерін дәріптеуді мақсат етуде.

«Ұлы дала әуендері» аталатын концерт бағдарламасында халық күйлерімен қатар, Құрманғазы, Түркеш, Қорқыт, Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Қадыр Мырзалидің туындылары, сондай-ақ әлемнің классик композиторлары Жорж Бизе, Антонио Вивальди, Имре Кальман, Иоганн Штраустың шығармалары орындалады», — деді Құрманғазы оркестрінің баспасөз қызметі.

2017 жылы оркестр ұжымы «Ұлы дала әуендері» атты концерттік бағдарламамен Парижде ЮНЕСКО штаб-пәтерінің Үлкен залында, Болгария Республикасының Варна, Пловдив, София қалаларында, Өзбекстан астанасы  Ташкент және Самарқанд қалаларында өнер көрсеткен болатын.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.