Бірліктің дәнекері: «Достық керуені» биылғы сапарын Байзақ ауданынан бастады

25

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен ауқымды жобаның биылғы алғашқы сапары Байзақ ауданына бағытталды. Керуен құрамында өңірлік Ақсақалдар мен Аналар кеңестерінің мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері және облыстың белсенді этнос жастары бар.

Мәдениеттер тоғысы және жәдігерлер көрмесі
Жобаның ресми бөлімі Бурыл ауылдық мәдениет үйінде басталды. Онда меймандар мен аудан тұрғындары үшін «Достығымыз жарасқан» атты түрлі этнос өкілдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге этномәдени бірлестіктердің болмысын, тарихы мен салт-дәстүрін айшықтайтын құнды жәдігерлер, ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдары қойылды.

Жас таланттардың қылқаламы: «Достық – мекені» көрмесі
«Достық керуені» аясындағы келесі шара аудандық Өнер мектебінде жалғасты. Мұнда жас суретшілер арасында «Достық – мекені» атты арнайы көрме өтті. Шараның шымылдығы концерттік бағдарламамен ашылып, өнерпаздар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Көрме барысында сөз сөйлеген Достық үйі Көрме залының жетекшісі Жазира Шілдебаева: «Бұл шараның негізгі мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, кәсіби бағдарлануын ынталандыру және көпэтносты елімізді бейнелейтін суреттер арқылы өскелең ұрпаққа достықтың, татулық пен бірліктің қадірін ұғындыру», – деп атап өтті. Жиын соңында Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықты бейнелейтін үздік картиналардың авторлары, жас суретшілер, педагогтар және өнер көрсеткен жастар арнайы марапатталды.

Болашақ бірлікте: жастарға арналған патриоттық тренинг
Жоба аясындағы маңызды бағыттың бірі – Ы. Алтынсарин атындағы орта мектеп базасында өтті. Мұнда аудандағы 8 мектептің оқушылары үшін «Менің елім – Қазақстан» достық мекені» атты патриоттық тренинг-тимбилдинг ұйымдастырылды.
Командалық ойындар мен шығармашылық тапсырмалар арқылы жастар ұйымшылдықтың маңызын ұғынды. Кездесуге өңірлік жастар төрағасы Хамида Турдыева, Ю. Гагарин атындағы орта мектептің география пәнінің мұғалімі Евгений Кравчук және «Қоғамдық келісім» КММ-нің жетекші сарапшысы Алмас Ақынтай қатысты. Спикерлер жастар арасында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, азаматтық жауапкершілік пен өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарау мәселелерін талқылады. Шара соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.