Ақмола облысында 21 ауылдың ауыз сумен қамтылуын жақсарту үшін Нұра топтық су құбыры реконструкцияланып жатыр
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ақмола облысындағы сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын көрді.
Министр Целиноград ауданында Покровское жерасты су кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейінгі су құбырын салу барысын көрді. Жоба аясында Төңкеріс ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету және Арайлы ауылының сумен жабдықталуын жақсарту да көзделген.
Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 86,5 шақырым. Жоба шеңберінде су жинау ұңғымалары орналасатын алаңды, бірінші және екінші көтерілімдегі сорғы станцияларын, су тазарту станциясын, сондай-ақ бастапқы және таза су резервуарларын салу жоспарланған. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Қорғалжын ауданында Нұржан Нұржігітов Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Бірінші кезек аясында жаңа су жинау нысаны мен топтық су құбырының бас құрылыстарын салу, сондай-ақ Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарындағы 21 ауылды тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін ұзындығы 162 шақырым магистральдық су құбырын және ұзындығы 22,4 шақырым пайдалану жолдарын салу қарастырылған.
Қазіргі уақытта су сынақ режимінде беріліп жатыр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша алты ауылды жаңа су құбырына қосу жұмыстары жүргізілді.
Екінші кезек бойынша Қорғалжын ауданындағы ауылдық елді мекендерді тұрақты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін алты ауылға магистральдық су құбырынан тармақтар және екі ауылға су құбыры құрылыстарының алаңдары салынады. Нұра топтық су құбырын реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Барлық іс-шараларды толық орындау 2026-2027 жылдары жоспарланып отыр.
Бұдан кейін министр «Алва» лиманды суару жүйесінің бас құрылысын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Жоба нысанды күрделі жөндеуден өткізуді, автоматты су ағызу құрылғысын орнатуды және бас құрылысқа іргелес орналасқан топырақ бөгеттерін қалпына келтіруді қамтиды.
Қазіргі уақытта су қақпаларын орнату, еңістерді және темірбетон конструкцияларын күшейту жұмыстары аяқталды. Барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.
Жобаның мақсаты – 12 856 гектар аумақтағы лиманды суару жүйесінің жұмыс қуатын қалпына келтіру және Целиноград ауданындағы су ағындарын сенімді реттеуді қамтамасыз ету.