Ұлттық қордан «үлкен құрылысқа» 5 трлн теңге бөлінеді

60

Мұнайға қатысты емес бюджет тапшылығы да 2027 жылғы 5,3 пайыздан 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқаруы тиіс.

Қазақстанда алдағы үш жылда ірі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан жалпы 5 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр.

Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин Құрылтай бюросының отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, мемлекет басшысы ел көлемінде «үлкен құрылыс» жүргізу бағытын айқындап, осы мақсатта Ұлттық қор қаражатын пайдалануға болатынын атап өткен.

«Ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салу бағдарламасын жүзеге асыру міндеті қойылды. Осыған байланысты аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге, ал 2028 және 2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден нысаналы трансферт қарастырылған», – деді вице-министр.

Осылайша, үш жыл ішінде «үлкен құрылыс» жобаларына Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі 5 трлн теңгеге жетеді.

Бюджет кірісі мен шығысы қандай болады?

2027 жылы республикалық бюджет кірісі 19,9 трлн теңге, яғни жалпы ішкі өнімнің шамамен 10 пайызы деңгейінде болжанып отыр. Бұл биылғы бағалаумен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге көп.

Кірістің өсуіне экономиканың кеңеюі, қосылған құн салығын қайтару көлемінің азаюы және басқа да факторлар әсер етеді.

Ал республикалық бюджет шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге, 2028 жылы – 29,4 трлн теңге, 2029 жылы 29,6 трлн теңге болады деп жоспарланған.

Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2027 және 2028 жылдары 2,43 трлн теңгеден, ал 2029 жылы 2 трлн теңге көлемінде белгіленген.

Бюджет тапшылығы төмендейді

Болжам бойынша, республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы ЖІӨ-нің 2,3 пайызын құрайды. 2028 жылы оны 1 пайызға, ал 2029 жылы 0,4 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Мұнайға қатысты емес бюджет тапшылығы да 2027 жылғы 5,3 пайыздан 2029 жылы 2,5 пайызға дейін қысқаруы тиіс.

Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд доллар деңгейінде болады деп болжанса, 2029 жылға қарай оның көлемін 70,6 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр.

Құрылтай отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева 2027 жылдың бюджеті «іс жүзінде беріктік қоры жоқ» жағдайда қалыптастырылғанын да атап өтті.

 Qaz365.kz.

 Qaz365.kz.

Leave A Reply

Your email address will not be published.