Облыс әкімі Берік Уәли Көкпекті аудандық ауруханасы ғимаратындағы ішкі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.


Қазіргі уақытта ғимаратта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, едендер, терезелер мен есік блоктары күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар ас блогы, кір жуатын орын, дезинфекциялау бөлімшесі, галерея және балалар бөлмесінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарын 2027 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған.
Бір жыл бұрын ауруханада күрделі жөндеу жүргізіліп, жедел жәрдем блогының кіреберісі қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, аурухана ғимаратының қасбеті жаңартылды. Алайда кіре берістегі кафельдер түсе бастаған.
«Аурухана – тазалық пен тәртіптің айнасы. Мұнда тазалыққа қойылатын талап та жоғары болуы тиіс. Бас дәрігер тапсырыс беруші болған соң қадағалап, мердігерден талап етуі керек қой. Бюджет қаражатын тиімді игеруіміз қажет. Бұл нысанға осымен үшінші рет келіп тұрмын. Келген сайын алдымнан кемшіліктер шығады. Денсаулық сақтау басқармасына бас дәрігердің жауапкершілігін қарап, ұсыныс беруді тапсырамын. Кепілдік негізінде олқылықтардың бәрін қалпына келтіріп, құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауда ұстау керек», – деді Берік Уәли.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауданның Биғаш, Шәріптоғай, Мамай, Үлгілімалшы, Үшкөмей және Қарамойыл ауылдарында медициналық нысан салынды. Нәтижесінде 1550 ауыл тұрғыны медициналық көмекпен қамтылды.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ