Дәстүрлі туристік буклеттер мен ресми көрмелердің заманы өтті ме? Бұлай дейтініміз, бүгінде елдің туристік әлеуетін танытудың ең қуатты құралы – визуалды өнер мен әлеуметтік желі. Дәл қазір еліміз осы екі бағытта айрықша көзге түсіп келеді. Бұған әлемдік кино аңызы Джеки Чанның Маңғыстау мен Алматы облыстарында жаңа туындысын түсіруі мен аудиториясы миллиондаған шетелдік топ-блогердің Ұлы даланы шарлауын мысал етсек болады. Бұл оқиғалар елдің туристік индустриясына қандай серпін береді және заманауи туризмдегі бұл трендтің маңызы қандай? Сараптап көрейік.
Бүгінде әлемдік туризм индустриясында жаңа тренд үстемдік құрып тұр. Ол – «сет-джеттинг» (set-jetting), яғни сүйікті фильмің, сериалың немесе шоуың түсірілген шынайы локацияларға арнайы саяхаттау. Көрермен тек экрандағы ғажайып дүниемен шектеліп қалғысы келмейді; ол сол кадрдың ішіне еніп, кейіпкерлер жүрген жолмен жүруді, сол ауаны жұтуды армандайды. Мысал керек пе?! Осы «сет-джеттинг» трендінің ең жарқын әрі оқулыққа енетін классикалық мысалы – Қытайдағы Чжанцзяцзе ұлттық паркі. Джеймс Кэмеронның 2009 жылы жарық көрген, әлемдік кинематограф тарихында ең көп касса жинаған «Аватар» фильміндегі Пандора планетасының аспанда қалқып тұрған «Аллилуйя» таулары есіңізде болар? Осы таңғажайып визуалды бейненің негізгі прототипі дәл осы Чжанцзяцзедегі биік тас бағаналар мен құздар еді. Фильм шыққаннан кейін Қытай билігі өте жылдам әрі прагматикалық қадам жасады. Мысалы, 2010 жылы парктегі биіктігі 1080 метрлік әйгілі «Оңтүстік аспан бағанасы» (Southern Sky Column) ресми түрде «Аватар Аллилуйя тауы» деп өзгертілді. Бұл шешім әлемдік БАҚ-тың назарын аударып, парктің танымалдылығын заңғар биікке көтерді. Фильм шыққаннан кейінгі алғашқы жылдардың өзінде-ақ бұл аймаққа келетін шетелдік туристер саны жүздеген пайызға өсті. Туристер ағынын қабылдау үшін Қытай билігі әлемдегі ең биік ашық лифт – «Байлонг лифтін» салып, шыны көпірлер мен арнайы аспалы жолдар желісін құрды. «Аватар» фильмі Қытайдың бір провинциясындағы беймәлім табиғат паркін әлемдік туризмнің Меккесіне айналдырды. Бұл – киноның туризмді трансформациялау күшінің тікелей дәлелі.
«Сет-джеттинг» сиқырын тек Қытай ғана емес, басқа да көптеген ел тиімді пайдаланып отыр. Мәселен, «Сақиналар әміршісі» атты танымал трилогияны баршаңыз көрген боларсыздар?! Питер Джексонның трилогиясынан кейін Жаңа Зеландия елдегі Хоббитон ауылы мемлекеттің басты визит картасына айналды. Мемлекеттік статистика мәліметтеріне сүйенсек, Жаңа Зеландияға келетін әрбір бесінші турист өз сапарының басты себебі ретінде осы фильмнің локацияларын көруді атайды. Ал Хорватия ше? «Тақтар ойыны» атты танымал сериалдан әсер алмаған көрермен жоқ шығар, сірә. Дубровниктің ескі қаласы сериалдағы «Корольдік айлақ» ретінде көрсетілгеннен кейін, қалаға келетін туристер саны геометриялық прогрессиямен өсті. Бұл тіпті қаланың тарихи бөлігіне салмақ түсіріп, «туризм ауыртпалығы» мәселесін тудырды. Бұл тақырыпты неге көтеріп отырмыз? Себебі әлемдік кино аңызы Джеки Чанның бас рөліндегі культтік франшиза – «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсірілімі дәл қазір елімізде жүріп жатыр. Бұл ел имиджі үшін зор жеңіс екені белгілі.
Бозжыра келесі «Пандора» бола ала ма?
Фильмнің түсірілімі Маңғыстау және Алматы облыстарында жүріп жатыр. Бұл табиғи көркем орындарды Джеки Чан 2025 жылдың соңында Қазақстанға жасаған сапары кезінде өзі таңдаған. Жобаның бастамашы-лары – Sәlem Entertainment және Adal Investments. Фильмнің тұсаукесері 2027 жылдың ақпан айына жоспарланған. Ал енді, Қазақстан бұл мүмкіндікті қалай пайдалануы керек?
Маңғыстаудың Бозжыра шатқалы өзінің «ғарыштық» ландшафтымен ерекшеленеді. Егер бұл сұлулық әлемдік деңгейдегі экшн-фильмде дұрыс ракурста, заманауи эффектілермен көрсетілсе, Бозжыра шетелдік саяхатшылар үшін Қытайдың Чжанцзяцзесі сияқты тартылыс күшіне айналуы әбден мүмкін. Сондықтан фильм прокатқа шыққаннан кейін түсірілім өткен орындарда арнайы ақпараттық белгілер, фотоаймақтар орнатып, кино-турлар құру қажеттігі сезіледі. Туристік операторлар арқылы «Джеки Чанның ізімен» немесе «Құдайдың сауыты: Маңғыстау құпиялары» атты арнайы маршруттар әзірлесе, тіпті, ғажап. Қытайдың Чжанцзяцзе тәжірибесінен сабақ ала отырып, Маңғыстаудың нәзік экожүйесін бүлдіріп алмайтындай, жүйелі туризм инфрақұрылымын дамыту да басты мәселе.
Әлемдік блогерлер Қазақстанға шақырады
Егер кино ұзақмерзімді және стратегиялық әсер беретін құрал болса, тревел блогерлер – дәл қазір нәтиже беретін нағыз «жедел жәрдем». Жуырда саяхатшы блогер Дастан Мұхамедкаримнің шақыруымен әлемге танымал TikTok және YouTube жұлдыздары Қазақстанға келіп, елдің көрікті жерлерін аралап, арнайы контент түсірген еді. Олардың қатарында иорданиялық танымал тревел-блогер Джо Хаттаб және америкалық контент-мейкер Джошуа Платильеро бар. Джо Хаттабтың YouTube арнасын 20 миллионнан астам адам қарайды. Ал Джошуа Платильеро TikTok пен Instagram желілерінде әлемнің ең қызықты орындары туралы контентімен танымал. Қазір блогерлер өз елдеріне қайтып кеткен. Олардың түсірген видеолары әлеуметтік желілерде кең тарап, Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға ықпал еткені айтылуда. Бұл сапардың ең маңызды жеңісі – бұрын барған жерлерінің нақты координаталарын жасырын ұстайтын блогерлердің Қазақстанда геолокацияны ашық белгілеп, елдің атын атап жариялауы. Бұл оның миллиондаған оқырманының картадан Қазақстанды іздеуіне тікелей түрткі болды.
Желіде бұл сапарға «Қазақстан билігі қанша қаржы жұмсады?» деген сұрақтың қызу талқыға түскені жасырын емес. Алайда заманауи маркетинг заңдылықтарына сүйенсек, бұл инвестицияның қайтарымы өте жоғары. Мұндай деңгейдегі блогерлердің миллиондаған қаралымы бар бір видеосының жарнамалық бағасы жүздеген мың доллар тұрады. Олардың өз еркімен жасаған шынайы контенті кез келген мемлекеттік ресми роликке қарағанда сенімдірек қабылданады. Көрермен блогермен бірге Қайыңдының мұздай суына сүңгіп, Бозжыраның аптабын сезінгендей болады. Бұл шешім қабылдауға, яғни билет сатып алуға тікелей әсер ететін психологиялық фактор.
Түйін:
Джеки Чан мен миллиондық блогерлер Қазақстанның есігін айқара ашып, әлемді шақырып жатыр. Ендігі мәселе – сол есіктен кірген қонақты қалай күтетінімізде. Ертең фильм шыққан соң, Бозжыра мен Қайыңдыға туристер ағылатыны сөзсіз. Бізде сол ағынды қабылдайтын эко-қонақүйлер, сапалы жолдар мен кәсіби гидтер дайын ба? Қалай десек те, Ұлы даланың ендігі тағдыры экрандағы кадрлар мен смартфондағы контенттің шынайы өмірдегі сапаға ұласуына тікелей байланысты.
Наурызбек САРША
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/284788-set-dzetting-el-turizmine-qalai-aser-etpek