Үкіметтің 2026 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізілген болатын. Аталған қаулы 13 шілдеден бастап қолданыста.

Өзгерістер аясында мемлекетіміздің айқын нышаны саналатын рәміздерді қолдану аясы кеңейіп қана қоймай, пайдалану талаптары да күшейді.
Осы орайда бүгін, менің төрағалығыммен өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның отырысында бірқатар мәселе қаралды.

Күн тәртібінде жергілікті атқарушы органдар, білім беру, денсаулық сақтау, спорт және жалпы мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің пайдаланылуы мен қолданылуына жүргізілген зерделеу қорытындысы талқыланды.
Зерделеу көрсеткендей, аудандар мен Тараз қаласында мемлекеттік рәміздері бақылаудан тыс қалған мекемелер анықталып отыр.
Осы және өзге де мәселелер бойынша бірқатар аудан және Тараз қаласы әкімінің орынбасарынан жауап алынып, нақты тапсырмалар берілді. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерге жол берген тұлғаларға шара қолдану мәселесін қарастыру ұсынылды.
Жиын қорытындысымен мемлекеттік рәміздерді пайдаланудың жаңа ережесін насихаттау мақсатында жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеліп, жиын қатысушыларының ұсыныс-пікірлері де назарға алынды.