Су үнемдеу технологияларын шығару, су қоймасын салу және 89 каналды реконструкциялау

112
📍🌊🏗💦Су үнемдеу технологияларын шығару, су қоймасын салу және 89 каналды реконструкциялау: Су ресурстары және ирригация министрі Жамбыл облысының тұрғындарымен кездесті.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, өңірде ведомствоның атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.

Былтырдың қорытындысы бойынша Шу ауданындағы Оң жағалау магистральдық каналының ирригация және дренаж жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 5 172 гектар жерді суаратын тозығы жеткен ирригация және дренаж жүйелері қалпына келтірілді.

Халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен Шу, Байзақ, Талас және Сарысу аудандарында жалпы ұзындығы шамамен 1000 шақырымды құрайтын 89 каналда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл нысандар облыстағы 100 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар 74-тен астам каналды реконструкциялауға арналған жобалау құжат әзірленіп жатыр. Бір жаңа су қоймасын салу және бір қолданып жатқан су қоймасын реконструкциялау жобаларын іске асыру басталды.

Шетелдік инвесторларды тарту бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Тараз қаласында Қытай технологиясы бойынша бетон төсемдерін өндіру іске қосылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына шамамен 900 мың шаршы метрді құрайды, бұл өңірдің қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Жамбыл облысында тамшылатып суару жүйелерін шығару бойынша Қазақстан-Қытай бірлескен жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде кәсіпорынның өндірістік қуаты 14 мың гектар аумақты тамшылатып суару таспаларымен қамтуға мүмкіндік берді.
🗣«Суға тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз ету, суару жүйелерін қалпына келтіру және фермерлерді қолдау — өңірдегі өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған өзара байланысты шаралар. Біздің міндетіміз — су ресурстарын ұтымды әрі ұқыпты пайдалануды қамтамасыз ету, судың жол-жөнекей ысырап болмауына және оның шынымен қажет жерлерге – егістік алқаптары мен тұрғындардың үйлеріне уақытылы жетуіне қол жеткізу. Инфрақұрылымды жаңғыртып, заманауи технологияларды енгізіп қана қоймай, су ресурстарын жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыру да маңызды. Тек осылай ғана біз су ресурстарын болашақ ұрпақ үшін сақтап қала аламыз», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Есептік кездесуде Жамбыл облысының тұрғындары бөгеттер мен каналдарды жөндеу, сондай-ақ өңірде жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының сапалы орындалуына қатысты сұрақтар қойды. Одан кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, Сарысу және Созақ аудандарына экологиялық мақсаттағы су жіберу, «Бөрібай» каналын тазалау және су үнемдеу суару технологияларын енгізу үшін электр энергиясын субсидиялау мәселелері жөніндегі сұрақтарға жауап берді.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі
Leave A Reply

Your email address will not be published.