Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді

99
▪️Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру қорытындысы шығарылды.
▪️Үкімет негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу туралы есеп берді. Сондай-ақ бірқатар салалық мемлекеттік орган жетекшілері басты бағыттар бойынша баяндама жасады.
▪️Мемлекет басшысы геосаяси ахуалды ескере отырып, қоғамдық, экономикалық, экологиялық, су және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін пысықтау қажеттігіне назар аударды.
▪️Бұдан бөлек, отырыста Қазақстан Республикасының 2026-2030 жылдарға арналған ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жобасы қаралды.
▪️Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі саналатын бұл Стратегия алдағы бес жылда болуы ықтимал сын-қатерлерге төтеп берудің негізгі тәсілдерін анықтайды.
▪️Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин орта мерзімге арналған басымдықтар, мақсатты индикаторлар мен стратегиялық тәуекелдерді басқару механизмдері жөнінде баяндады.
▪️Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы мемлекет дамуындағы жаңа кезеңге қадам басып, Қазақстанның Тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қорғауға мүмкіндік туды.
▪️Ал аталған Стратегия конституциялық қағидаттардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етіп, еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуына жағдай жасайды.
❗️Мемлекет басшысы ұлттық мүддені қорғау міндеттерін сапалы орындаудың маңызына баса мән берді. Оның қатарына, атап айтқанда, қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету; азаматтарды, қоршаған ортаны және ақпараттық кеңістікті қорғау деңгейін арттыру; киберқауіпсіздік шараларын күшейту және әлеуметтік-экономикалық саладағы тәуекелдерді азайту мәселелері кіреді.
📌Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, білім мен технология салаларында сұранысқа ие білікті шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасайтын бағдарламаны жеделдетіп әзірлеуді тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.