116 жасқа толған әжей ұзақ өмір сүрудің сырын айтты (ВИДЕО)

62

Видеодан скриншот

116 жасқа толған әжей ұзақ өмір сүрудің сырын айтты (ВИДЕО): 7 наурыз 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Елдегі ең қарт тұрғын ұлытаулық Түймегүл Темірбаева 116-көктемін қарсы алды. Кейуана әлі де ширақ. Ол көп жасауының сырын адал еңбек және жақсы ниетпен байланыстырады. Өмір бойы ауыр жұмыстың ортасында жүрген ол қазір де бос отырмайды. Құрт жайып, үй тірлігіне араласып тұрады, деп хабарлайды turkystan.kz «Хабар» арнасына сілтеме жасап.

Әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін әдемі қартаю бақыты Түймегүл апаға бұйырған. Отағасы Аязбай Темірбаев екеуі өмір бойы жылқы баққан. Дегенмен мал соңындағы қара жұмыстан қажымаған.

Аязбай ақсақал ғасырға жуық жасап, 95 жасында дүниеден өткен. Ал жақында 116 жасқа толған Түймегүл әже көзәйнексіз ине сабақтап, іс тігеді. Қимылы да ширақ.

«100-ден асып бара жатырмын. Өлмей келе жатырмын. Балаларым аман болсын. Балалардың алдында кетсем деп жүрмін», — дейді Түймегүл Темірбаева.

Түймегүл әженің балалары «осы күнге шейін ол кісінің «ауырдым» дегенін естімедік» дейді. Ес білгеннен еңбекпен өскен жан қазір де қартайдым деп қарап отырған жоқ. Немерелердің қарсылығына қарамай, үйдің тірлігіне де араласады.

«Анда-санда далаға шығып келеді. Көбінесе үйде жүреді. Биыл солай болды. Оған дейін барлық шаруаға жарап тұрған. Сырттың шаруасына, іштің шаруасына бәріне. Жасы келді ғой, қанша дегенмен. Өзі отырады, теледидарын көріп. Бізге тамақ істеп қояды», — дейді Темірбаеваның келіні Раушан Темірбаева.

Түймегүл Темірбаева қаңтар айында 116 жасқа толды. Оның елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растаған. Кейуана бүгінде Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. Кейуананың бауырынан өрген 4 баладан 15 немере, 25 шөбересі бар.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/277475-116-zasqa-tolgan-azei-uzaq-omir-surudin-syryn-aitty-video

Leave A Reply

Your email address will not be published.