Ел аумағында Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр

82

Жалпыұлттық коалиция

Ел аумағында Жаңа Конституция жобасын түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр: 22 ақпан 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Еліміздің барлық аймағында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері жүргізіп жатқан жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz Жалпыұлттық коалицияның сайтына сілтеме жасап.

Кездесулер облыс орталықтарында, шағын қалаларда және ауылдық округтерде өтіп, еңбек ұжымдарын, студенттерді, ардагерлерді, қоғамдық бірлестіктер өкілдерін және жастарды кеңінен қамтып отыр.

Негізгі миссия – жаңа Конституция жобасы бойынша ашық диалогты қамтамасыз ету, оның негізгі ережелерін түсіндіру және ұсынылып отырған өзгерістерді талқылауға азаматтарды кеңінен тарту.

Мәселен, Қарағанды облысында өткен түсіндіру жұмыстарына Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов қатысты. Кездесулерде реформалардың іс жүзіндегі салдарына басымдық берілген мазмұнды әңгіме айтылды. Коалиция мүшелері бірнеше күн бойы көшпелі кездесулер өткізіп, емханаларда, мектептерде, колледждерде, аула клубтарында болып, еңбек ұжымдарымен жүздесті.

Жаңа Конституция жобасын талқылау ашық форматта өтті. Қатысушылар өкілеттіктерді қайта бөлу, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту мәселелерін көтерді.

Костанай қаласында негізгі кездесулер академиялық ортада өтті. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді талқылауға арналған іс-шара Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университет қабырғасында өтіп, оған 200-ге жуық студент пен оқытушы қатысты. Спикерлер қатарында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиев, сондай-ақ қоғам қайраткерлері Бану Нурғазиева, Гүлмира Қапенова және Алмат Досмұхамедов болды.

Қатысушылар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту мәселелерін талқылады. Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа ерекше назар аударылды.

Ұлытау облысы өңірінде талқылау күн тәртібінен тыс тақырыптарды да қамтып, ұрпақтар сабақтастық пен жауапкершілік мәселелеріне ұласты. Коалицияның өңірлік мүшелері ардагерлер қауымымен кездесу өткізді. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Мырзабеков, Ұлытау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Қожамсейітов, Жезқазған қаласының құрметті азаматы Мұрат Қазамбаев және «Ұлытау» телеарнасының журналисі, ақын Мұқағали Сейітқазы қатысты.

Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, оның ішінде саяси және әлеуметтік-құқықтық өзгерістер түсіндірілді. Азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және шешім қабылдау үдерісіне халықтың араласуын арттыру мәселелері талқыланды. Ардагерлер конституциялық өзгерістер кезеңіндегі қоғамдық жауапкершілікті ерекше атап өтті.

Елдің оңтүстігінде салалық диалогқа басымдық берілді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров, қоғам қайраткері Гулам Умаров және партия облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов Жамбыл облысындағы «ҚазСуШар» мекемесінің ұжымымен кездекездесті.

Кездесу барысында жаңа Конституцияның басты басымдығы – адам құқықтары мен бостандықтары екені атап өтілді. Құқықтық кепілдіктерді нығайту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ коалиция өкілдері Жамбыл ауданының Гродеково ауылы тұрғындарымен жүздесті.

Жалпыұлттық коалицияның Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен қалалық филиалдарының ақпараттық-түсіндіру тобы өңірдегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі – «Жанарыс» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді.

Өңірлік коалиция төрағасы Нұрбек Қарасаев ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және адам құқықтарын қорғауға бағытталғанын атап өтті. Коалиция мүшелері Жаңбырбай Матаев, Нұри Тумышев адам құқығы мен бостандығына Конституция деңгейінде берілген кепілдіктер, мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту нормалары туралы баяндады.

Коалицияның ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әртүрлі әлеуметтік топтар мен өңірлерді қамтып отыр. Негізгі басымдық – талқылаудың ашықтығы, ұсынылып отырған өзгерістердің айқындығы және халықты кеңінен ақпараттандыру.

Өңірлердегі жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Коалиция әділетті және прогрессивті Қазақстан құндылықтары төңірегінде қоғамды топтастыруға және сындарлы қоғамдық диалогты дамытуға бағытталған жұмысты жалғастыра бермек.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.