Таразда әкелер конференциясы өтті

24

Тараз қаласы, Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназиясында “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі: бүгіні мен болашағы» атты әкелер конференциясы өтті.

Аталған жиынға қоғам белсенділері, ұстаздар, психологтар және көпбалалы, өнегелі әкелер қатысып, бала тәрбиесіндегі әкенің орны, қазіргі қоғамдағы әкелік міндеттің өзгеруі мен келешекке бағытталған тәрбие үлгілері жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Конференция барысында әкенің тек отбасының асыраушысы ғана емес, баланың тұлға болып қалыптасуындағы негізгі тәрбиеші екені кеңінен айтылды.

Әсіресе ұл мен қыз тәрбиесіндегі әкенің ықпалы, мінез-құлық, жауапкершілік, еңбекке баулу, отансүйгіштік пен адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі рөлі нақты мысалдармен тарқатылды.

Шараға арнайы келген облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Бердалыұлы «Дәстүрлі тәрбие діңгегі – әке өнегесі» тақырыбында баяндама жасап, қазіргі цифрлану дәуірінде әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуы аса маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар өзге де қонақтар сөз сөйлеп,  баламен сапалы уақыт өткізу, оның ішкі жан дүниесін түсіну, ашық әңгіме құру бүгінгі әкенің басты міндеттерінің бірі екені сөз болды.

Отбасыдағы әке мен ананың өзара сыйластығы мен бірлігі баланың болашағына тікелей әсер ететіні де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ мектеп оқушыларынан құралған өнерпаздар ән шырқап, тәрбиелік мәні мол сахналанған қойылым көрсетті.

Жиын соңында қатысушылар әке мәртебесін көтеру, әкелер мектебін дамыту, тәрбиелік бағыттағы басқосуларды тұрақты түрде ұйымдастыру жөнінде айтып өтті.

Конференция мазмұнды пікірлерге, өмірлік тәжірибелерге толы болып, қатысушыларға ой салған тағылымды кездесу ретінде есте қалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.