Бала қауіпсіздігі- басты міндеттердің бірі

66
Талас ауданында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен көшпелі кеңес өтті. Кеңеске облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов, білім беру ұйымдарының басшылары мен сала мамандары қатысты.
Кеңес барысында өңірдегі білім беру жүйесінің жай-күйі, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы міндеттер жан-жақты қаралды. Жиында сөз сөйлеген басқарма басшысы Нұрбек Оршубеков білім сапасын арттыру, мемлекеттік аттестаттауға сапалы дайындық, мектепішілік бақылауды күшейту, педагогтердің кәсіби жауапкершілігін арттыру бағытында нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәрбие жұмыстарының тиімділігін арттыру және әлеуметтік мәселелердің алдын алу қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов ауданның білім саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, бүгінде аудандық білім бөліміне қарасты 58 мекеме жұмыс істейді. Ауданда апатты және үш ауысымды мектептер жоқ, жалпы 36 білім беру ұйымында 9 мыңнан астам оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі ұйымдарда 2700-ден астам бала тәрбиеленіп, 3–6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 100 пайызды құрап отыр.
Аудан басшысы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. 2025 жылы Ақкөл орта мектебі күрделі жөндеуден өтіп пайдалануға берілсе, алдағы жылы Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, бірқатар ауылдарда жаңа мектептер салу және спорт залдары жоқ білім ұйымдары бойынша жобалық жұмыстар жүргізілуде.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептер бейнебақылау камераларымен, турникеттермен және дабыл түймелерімен жабдықталған. Балалар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен зорлық-зомбылыққа жол бермеу бағытында «Komek Stop Bullying» жобасы, 111 бірыңғай байланыс орталығы және 109 call-center арқылы жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда аудан бойынша полиция есебінде тұрған оқушылар жоқ.
Баяндамасында Мақсат Қазанғапов педагогтер мен оқушылардың жетістіктеріне де тоқталып, халықаралық, республикалық және облыстық деңгейдегі байқауларда аудан ұстаздары мен оқушыларының жүлделі орындарға ие болғанын атап өтті. Сонымен қатар, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау, инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын жеткізді.
Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша білім сапасын арттыру, инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу және тәрбие мен қауіпсіздік бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты міндеттер белгіленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.