Тараз қаласында қала күнін мерекелеу басталып кетті. Алдында хабарлағанымыздай, бұл күні шаһарда 20 нысан пайдалануға берілмек.
Соның бірі – Жамбыл алаңынан облыс әкімдігі ғимаратының алдына көшірілген Жамбыл Жабаевтың ескерткіші салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсімінде облыстық Қоғамдық Кеңестің төрағасы Жандар Кәрібайұлы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы сөз сөйлеп, дауылпаз ақынның алып бейнесі өз орнын енді тапқанын айтты.
– Жамбыл – қазақтың ақындық өнерінің қазанында қайнап, ежелгі ауыз әдебиетінің кәусарымен сусындап, ақындық, жыраулық дәстүрінің XX ғасырдағы туын биікке көтерген ұлы жырау.
Жамбылдың қанатты жырлары әлемнің елуге тарта тіліне аударылып, миллиондардың жүрегіне ізгілік нұрын септі. Біз мұны ең алдымен Жамбыл атамыздың өлмес өнері арқылы әлем жұршылығына қазақ халқының рухани болмысының танылуы деп білуіміз керек, – деді сөз алғандар.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш ескерткіштен бөлек бүгін қала көлемінде Жамбыл бабамыздың ескерткішінің маңында және орталық «Достық» алаңында түрлі-түсті сазды әуен ырғағымен ойнайтын төрт субұрқақ пайдалануға берілді.
Темір жол бекетіндегі аллея, Жеңіс саябағында орналасқан «Тыл еңбеккерлеріне», «Ауған соғысының ардагерлеріне», «Чернобль апатына қатысушыларға» арналған ескерткіштер ашылады.
Сондай-ақ бүгін қаламызда «Желтоқсан толқыны» атауымен еліміздегі ең ұзын әрі мағынасы зор субұрқақ, толық қайта жаңғыртудан өткен Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябағында халық қаһарманының ескерткіші, Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арналған «Тәуелсіздік ұшқыны аллеясы», «Ғибрат» орталығы ашылмақ.
Сонымен қатар, тараздықтар «Үшбұлақ» жағалауындағы демалыс аумағының ашылуын тамашалайды.