Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы іс-шаралар жоспарының орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді.
– Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы экономика үшін сұранысқа ие кадрларды даярлаудың нақты мүмкіндігі. Біз іс-шаралар жоспарын бекіттік, штаб құрдық, ең бастысы, бұл процесті инвестициялық жобаларымызбен байланыстырдық, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.
Білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтың айтуынша, 2025-2026 жылдары «1С» сертификаттау орталығын құру, 220 орындық жатақхана салу, алты салалық хаб ашу, жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту, сондай-ақ шетелдік инвесторларды тарта отырып, жаңа мамандық ашу жоспарлануда.
Өңірде кәсіпорындар, колледждер мен жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы 98 меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде 3 607 студент дуалдық оқыту жүйесімен қамтылды.
Еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс берушілердің бастамасы бойынша жұмысшы мамандықтары негізінде оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде 570 мақсатты орын бөлінді.
№9 Меркі колледжіне «Мерагро Холдинг» ЖШС «Токарьлық іс» кабинетінің құрылысына 4 млн 506 мың теңге инвестиция тартты.
«QyzylshaZher» ЖШС қолдауының арқасында №10 Шу колледжінің базасында «Агрономия» мамандығы бойынша құзыреттер орталығы ашылды.
«Казфосфат» ЖШС «Шолақтау» тау-кен өндірістік комбинаты базасында әлеуметтік серіктестікті дамыту жөніндегі жасалған меморандум аясында «Химиялық және техникалық саласы бойынша» құзыреттілік орталығы құрылды.
№8 Мойынқұм колледжінде «Дәнекерлеу ісі», «Электрмен жабдықтау» мамандықтары бойынша оқу шеберханасы салынуда.
Құлан агротехникалық жоғары колледжінде агро-хаб ашуға 10 млн 227 мың теңге бөлінді.
Жаңатас көпсалалы колледжінде AutoSkills кешенінің құрылысы жүргізілуде.
№9 Меркі колледжінде IT-хаб ашу жоспарлануда.
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде «KNAUF» ЖШС-мен әлеуметтік әріптестік негізінде инвестиция көлемі 25 млн теңге болатын оқу орталығын ашу жоспарлануда.
№9 Меркі колледжінде 100 орындық жатақхана салу жоспарлануда, жобалық-сметалық құжаттама дайындалды.
Кеңес барысында кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, сондай-ақ Тараз және аудан әкімдері сөз сөйледі.
Талқылау қорытындысы бойынша өңір басшысы инвесторлар және ірі кәсіпорындармен 2025 жылы еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша оқуын аяқтаған 4 мыңға жуық студентті жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды жалғастыруды тапсырды.
Сондай-ақ жыл соңына дейін облыстың жетекші кәсіпорындарына 100 үздік түлекті жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету, өзекті бос жұмыс орындарын ұсына отырып, Ашық есік күндерін өткізуді ұйымдастыру, жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру міндеті қойылды.
Жамбыл облысының әкімдігі