ТЫЛ АРДАГЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

94
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов Тоғызкент ауылының ең қарт тұрғыны, еңбек және Тыл ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Мәдіғұл Қошмағанбетовтың шаңырағына барып, құттықтап қайтты.
Аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы ауылдың қадірлі қариясына ізгі тілегін арнап, Ұлы Жеңісті жақындатуға сіңірген үлесі үшін ҰОС 80 жылдық мерекелік төсбелгіні тақты. Өз кезегінде 94 — ке келген абыз ақсақал арнайы атбасын бұрып, мерекемен құттықтап келген аудан әкіміне ризашылығын білдіріп, елдің амандығын, жеріміздің тыныштығын тілеп, ақ батасын берді.
Мәдіғұл Қошмағанбетов 1931 жылы 1 қыркүйек айында Сарысу ауданы, Сталин ауыл советі, Жданов ауылында дүниеге келген.
Бастауыш, жеті жылдық мектепті ауылында оқып, 1948-1950 жылдары аудан орталығы Байқадам Л.М.Каганович атындағы мұғалімдер дайындайтын институттың физика-математика факультетіне түсіп, 1952 жылы толық бітірген.
1957 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтын өз мамандығы бойынша толық бітіріп жоғары білім алып шықты.
1955 жылы Талас ауданы, Бостандық жеті жылдық мектебінде оқытушы болып еңбек жолын бастаған. 1956 жылы қыркүйек айынан 1960 жылы тамыз айына дейін осы мектепте мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, 1960 жылдың қазан айынан 1963 жылдың тамыз айына дейін мектеп директоры болып қызмет атқарған. 1963 жылдың тамыз айынан 1994 жылдың қазан айына дейін ”Түгіскен” орта мектебінде еңбек еткен. 1965-1981 жыл аралығында мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі орынбасары, 1981 жылы ақпан айынан 1993 жылдың маусым айына дейін мектеп директоры қызметін атқарған.
Білім саласына мол еңбек сіңірген Мәдіғұл қария бірнеше рет түрлі марапатқа ие болып, ел арасында құрметке бөленген. Атап айтсақ,1941-1945 жылдардағы тылда еңбек еткендігі үшін Ұлы Отан соғысы, СССР Жоғарғы Советі президумы атынан В.И. Лениннің 100 жылдығы, Қазақ ССР оқу министрлігінің Халық ағарту ісінің озық қызметкері, Еңбек ардагері, Ұлы Отан соғысына 55, 60, 65 жыл, Тылға 50 жыл, ауданның 95 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған. 1985-1990 жылдары аралығында Халық депутаты, Комсомол селолық советінің депутаты болып екі рет сайланған.
                                                                               Сарысу ауданы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.