Павлодарлық Мұрат Иманғазинов биылғы 19 қаңтар күні Сауд Арабиясындағы Жидда қаласынан Алматыға ұшақпен ұшып келе жатып, аяқ астынан денсаулығы нашарлаған. Тұмауға қарсы дәрінің бірнешеуін ішіп, ұйықтап кеткен ол арада бір сағат өткенде бет-аузы адам танымастай ісіп оянған.
Аллергиялық ауру пайда болғанын бірден сезіндім. Бетім, мойын тұсым ісініп кеткен. Жерден 10 мың метр биіктікте келе жатқан соң ба, тынысым тарылып, қан қысымым көтеріліп, ахуалым нашарлап бара жатқанын сезіндім. Бортсерік қырғыз қызы менің жағдайымды ұшақ ішіндегі жолаушыларға хабарлап, шұғыл түрде дәрігер қажет екенін айтып жатты. Абырой болғанда бізбен бірге Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов деген азамат ұшып келе жатыр екен. Ол бірден жаныма келіп, дәріхана қобдишасын алып шықты да, маған екпе жасап, система салуды бастап кетті. Бұл уақытта біз шамамен Қап тауларының үстінде ұшып келе жатыппыз. Экипаж шұғыл жағдай болса, ұшақты жақын маңдағы әуежайдың біріне қондырамыз деген шешім қабылдаған екен. Бірақ Жаннұр Мәуленұлы өз ісінің кәсіби маманы екенін танытып, менің өмірім үшін төрт сағаттай күресіп, Алматыға аман түсірді. Өміріме араша түскен абзал жанға шексіз ризашылығымды айтқым келеді, — дейді Мұрат Иманғазинов.
Kazinform.kz жазуынша, Жаннұр Сырымов бүгінде Жетісу облысы, Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарады. Сол сапарында Меккеге мүгедек әкесін қажылыққа апарып, қайтып келе жатқан.
Науқасқа өмірімде әуеде медциналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, жанымда дәрі-дәрмек қобдишасын ұстайтынмын. Бортсерік қыздың хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Мұны медицина тілінде «Квинке ісінуі» деп атайды. Егер 15-20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетілмесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден «Аллергопресс» және «Преднизолон» препараттарын ектім. Одан соң қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастадым», — деп еске алды Жаннұр Сырымов сол бір оқиға жайында.
Фото: pixabay.com
https://malim.kz/article/densaulyk/tort-sagat-arpalysqan-zetisulyq-dariger-usaqta-nauqasty-azaldan-arasalady-28309?fbclid=IwY2xjawIGv4RleHRuA2FlbQIxMQABHXpoVNjAl82Bxi3Imv62HgBTCntdtVPzldT9T25x5eY3oWcV5WbKcKFyfA_aem_mTYtRD0nqEWLYlg5F0Ba3Q