Алаштың арда азаматы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлтымыздың аяулы перзенті, қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Шерхан Мұртазаның қазасына қайғырып, бақилық болған заңғар жазушысын құрметпен еске алғысы келген тұрғындар Тараз қаласындағы Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жиылып, Қазақстанның Халық жазушысын еске алуда.
Қаралы жиында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сансызбай Жорабеков сөз сөйлеп, арда азаматтың еліне сіңірген еңбегі жайлы ой толғады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Шер-ағаны еске алып, марқұмның қазақ елінің рухани дүниесіне қосқан үлесі туралы тебірене сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұратаза 9 қазан күні 87 жасына қараған шағында қайтыс болған еді. Дәуір дарабозын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бүгін Алматы қаласында өтуде. Ал, жамбылдықтар үшін «Жеңіс» саябағында жазушының портреті қойылып, гүл шоқтарын қоям деушілер үшін арнайы орын әзірленген болатын.