Облыстық қазақ драма театры 83-ші маусымын бастады

497

Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Нұрсифат Салықованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикерлер облыстық қазақ драма театрының 83-ші маусымы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Театр кеше ғана өзінің 83-ші жаңа маусымын жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасының премьерасымен ашты. Бұл өнер ордасы әр жылдары Польша, Мысыр Араб Республикасы, Ресей, Өзбексан, Қырғызстан, Тәжікстан, Татарстан, Румыния және т.б елдерде театр фестивальдарына қатысып, республикалық, бүкілодақтық және халықаралық театр фестивальдарының лауреаты атанған. Театр 2017 жылы Румыния елінде өткен Халықаралық театр фестиваліне «Қыз Жібек» саунд-драмасымен қатысып, әлемнің 23 елінен келген өнер ұжымдары арасынан топ жарып, Бас жүлдені жеңіп алды.
Театрдың бүгінгі ағымдағы репертуарында 30-дан аса қойылым болса, оның ішінде өз еліміздің, сондай-ақ, шет ел классиктерінің жұртшылыққа кеңінен танымал «Отелло», «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек» сияқты туындыларымен қатар, бүгінгі күн тақырыбындағы, тарихи тақырыптардағы шығармалар, әр түрлі комедиялар, балаларға арналған ертегілер мен шағын сюжетті спектакльдер жетерлік.

Leave A Reply

Your email address will not be published.