Инклюзивті білім – мүмкіндіктер алаңы

17

Қазіргі уақытта даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе – инклюзивтік білім беру. Инклюзивтік білім мүгедек балаға өзінің құқықтарын іске асыруға мүмкіндік береді.

Облыс бойынша 2024-2025 оқу жылында ерекше білім алуды қажет ететін 9468 бала анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 1 268 балаға өскен. Оның ішінде 3 265 баланың мүгедектігі бар. Аталған 9 468 баланың 5 089-ы мектеп жасына дейінгі, 4 379-ы мектеп жасындағы балалар болса оның, 7 120-ы біліммен және тәрбиемен қамтылған. Мектепке дейінгі мекемелерге қамтылған ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 2 753. Сонымен бірге 77 мектепке дейінгі мекемелердегі логопункттерде 2 007 бала инклюзивті тәрбиеленіп жатса, 18 мектепке дейінгі мекемеде 7 46 бала арнайы топтарға қамтылған.
Жалпы білім беретін мектептер бойынша ерекше қажеттілігі бар балалар саны – 4031. Тарқатып айтқанда, 447 мемлекеттік орта мектептерде 1 580 бала, жекеменшік 6 мектепте 24 инклюзивті біліммен қамтылған. Сол сияқты, №1 «Өркен», №2 «Болашақ, №3 «Мейірім», №4 «Үміт» арнайы түзету мектеп-интернаттарында 516 бала тәрбиленуде. Жалпы білім беретін мектептердегі арнайы сыныптарда 236 оқушы, үй жағдайында 1 572 бала оқытылуда. Жалпы білім беретін 6 мектептегі логопункттерде – 103 оқушы, техникалық және кәсіптік колледждерде – 336 студент кәсіптік білім алуда.
Оқумен қамтылмаған 2 348 бала білім алуға жарамсыз болса, оның 942-і мектеп жасына дейінгі балалар. Осы балалардың 571-і психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінен, оңалту, аутизм орталықтарынан түзету көмегін алады. Қалған өрендердің 71-і «Үміт» балалар үйі мен №4 арнаулы мектеп-интернатында болса, 1 133-і әлеуметтік қамқоршылықтағы балалар, 202-і мектеп бітірушілер.
Облыста ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға білім беру, түзету-оңалту қызметтерін көрсететін 26 арнайы мекеме жұмыс істейді. Нақтылап өтсек. 7 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы, 4 арнайы мектеп-интернат, 13 педагогикалық-психологиялық түзету кабинеттері, 1 Оңалту орталығы, 1 Аутизм орталығы қызмет көрсетеді.
Осы жылдың 10 айдың қорытындысымен облыс бойынша жалпы саны – 8 167 балаға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілген.
Инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мемлекеттік білім беру мекемелерінің саны жылдан — жылға артып келеді. Есепті кезеңде 447 жалпы білім беретін мектептердің 398-де, 224 мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелердің 181-де инклюзивті тәрбие беру үшін жағдай жасалған.
Облыста «Жамбыл облысындағы ерекше білім алуға қажеттілігі бар балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Жол картасына сәйкес, қадамдық жоспар әзірленіп, 2025 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі балалар көп шоғырланған Тараз қаласы мен аудандардағы жалпы білім беретін мектептерден ерекше білім беруде қажеттілігі бар балаларды қолдау кабинеттерін, психологиялық – медициналық — педагогикалық консультациясы мен психологиялық–педагогикалық түзету кабинетін ашу жоспарланған.
Облыстағы 4 арнайы мектеп-интернаттардың материалдық-техникалық базаларын нығайту мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен (жалпы құны — 90,8 млн.теңге) қайырымдылық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 4 интернатқа қажетті интерактивті панель және оқу кабинеттерімен (қазақ тілі мен әдебиеті, физика, математика, тұрмыстық бағдарлау, бастауыш сыныптарға арналған кабинеттер, информатика, тұрмыстық бағдарлау кабинеттері) қамтылды.
2024-2025 оқу жылына инклюзивті білім беруде қажетті оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамту мақсатында 12 миллион 724 мың 930 теңге көлемінде қаржы қарастырылып, игерілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.