Кеше қалаға алғашқы қар жауды. Қысқы маусымның басталуына орай коммуналдық қызмет жұмысы күшейіп, қар жаууына байланысты тиісті шаралар атқарылуда.
Қала аумағында қар және жауын-шашынның тәулік бойы түсуіне орай сала мамандары арнайы техникамен бекітілген жерлерге тұз араласқан құм сеуіп шықты.
Атап айтқанда, қала аумағындағы 7 көпірге, Құмшағал, Шөлдала шағын ауданына көктайғаққа қарсы (2 қайтара) 36 м3 құм , 9 тонна тұзқ себілді. Аталған жұмыстарға 3 Камаз, 1 тиегіш арнайы техникасы жұмылдырылды.
Жалпы, 2024-2025 жылдың қысқы маусымында қала аумағындағы автокөлік жолдарында және жаяу жүргіншілер жолдарында (тротуар) төтенше жағдайлар туындамас үшін тазалық жұмыстарын «Жасыл Ел- Тараз» ЖШС атқарады.
Қалада 79 көшенің қарын күреуге және тұз аралас құм шашу жұмыстары бекітілген. Қысқы тазалық жұмыстарына қолданатын 49 техника бар.
Қазіргі уақытта қоймада 5880 текше метр құм және 1512 тонна тұз бар. Жалпы 7500 текше метр құм және 1500 тонна тұз жоспарланған. Қажеттілікке байланысты ауыр техникалар (автогрейдер мен қар тиегіш) жалға алу үшін мекемелермен келісім-шарт жасалған. Қар тазалау бригадалары тәулік бойы 2 ауысымды кестемен жұмыс атқарады.
Коммуналдық қызмет Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бекіткен кесте бойынша жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, мекемеде диспетчерлік қызмет бар. Олар барлық жұмысты бақылауда ұстайды. Жұмысшылар үшін демалыс бөлмесі жабдықталған және үш мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.