Таразда Мұхтар Әбілязов ісінің алдын ала тыңдалым уақыты белгіленді

715

Таразда Мұхтар Әбілязовқа қатысты іс бойынша алдын ала тыңдалым уақыты белгіленді.

Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың ақпанында бизнесмен, бұрынғы «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы болған, «Банк ТұранӘлем» АҚ (қазіргі «БТА Банк») бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталған Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот талқылауы өткен болатын. Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өткен сот талқылауында М. Тоқмәди М. Әбілязовтің ықпалымен 4 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі сыйақы үшін Е. Тәтішевті өлтіруге келіскені анықталды.

«Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестің кодексінің 319, 312-баптарына сәйкес, 2018 жылғы 8 қазан күні Әбілязов Мұхтар Қабылұлына қатысты қылмыстық іс өндіріске қабылданғанын мәлімдейді. Ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (1997 жылғы редакциясында) 28-бабының 3-бөлігінде, 96-бабының 2-бөлігінің «ж» «з» тармақшаларында көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағандықтан, сотқа берілген», — делінген соттың ресми хабарламасында.

Алдын ала тыңдалымдар 2018 жылғы 12 қазан, сағат 11:00-ге белгіленді. Тыңдалым Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот отырыстары залында, ашық сот отырысында өтеді.

«Сотталушы Әбілязов Мұхтар Қабылұлына белгіленген уақытта Тараз қаласы, Абай көшесі, 143-А мекенжайында орналасқан Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына алдын ала тыңдалымға қатысу үшін келуі қажеттігі ескертіледі», — деп мәлімдеді Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметі.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.