«Республика күні» мерекесі қарсаңында ҚАЖД РММ №58 мекемесінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды
1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Осы кезден бастап демократиялық қоғам құру мақсатында ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастады. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды. Қазір бұл күн мемлекеттік масштабта атап өтіліп, мереке ретінде тойланады. 2001 жылы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 заң бойынша бұл күн мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды.
«Республика күні» мерекесі қарсаңында 22.10.2024 жылы Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД РММ №58 мекемесінде жазасын өтеуші сотталған азаматтарға арналған тәрбиелік мақсаттағы К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «25 қазан – Қазақстан республикасы күніне» арналған «Қазақ елі» атты концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, өткізілді.