Таразда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналған облыс активімен жиын өтуде.
Басқосуда Жолдаудан туындайтын міндеттер жайында баяндама жасаған облыс әкімі Асқар Мырзахметов оларды орындау мақсатында облыста атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Аймақ басшысының айтуы бойынша, шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Даму» қорымен бірлесе қаражат бөлу принципімен 2018 жылы облыстық бюджеттен 500 млн. теңге, «Даму» қорынан 1 млрд. теңге қарастырылған. Ал, ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1,0 млрд.теңге бөлініп, жалпы сомма 5 млрд.теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржылардың көлемін барынша көбейтілмек.
Сонымен қатар, өңірімізде «қолма-қол ақшасыз экономикаға» көшудің алғашқы қадамдарын байқауға болады. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын айналымда 415 мың пластикалық карточка және 387 мың сол карточкаларды ұстаушылар болса, бүгінде олардың саны 2 есеге артып отыр.
– Бүгінде аймақта 2343 POS-терминал, 379 банкомат, 732 төлем терминалдары мен банктік киоскілер жұмыс істеп, 1085 сауда орнында кассалық операциялар электронды есеп айырысу арқылы жүзеге асырылады, – деді Асқар Исабекұлы баяндамасында.