Өркениет дегеніміз – мәдениетті қоғам қалыптастыру

122
 Тарихтың көшіне көз жүгіртсек, өсетін ел қашанда мәдениетін мәпелеген. Өйткені, мәдениеті жоғары ұлт қана әлемдегі өркениетті елдердің ортасынан ойып тұрып орын алатыны сөзсіз.
Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени нысандардың инфрақұрылымын дамыту, шығармашылықты қолдау бағытында маңызды міндеттер жүктегені белгілі. «Мәдениет пен өнер — ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер — ұлттың жаны, ал мәдениет — рухани келбеті. Оны сақтап, байыта түсу — ортақ парыз. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады» деген Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірде өзекті мәселелер оң шешімін тауып, ел руханиятын, ауыл, аудан мәдениетін дамыту үшін атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Алдағы жоспарлар да ауқымды.
Осы ретте өңірімізде өткен жылдан бері ұлтымыздың ұлық құндылықтарын дәріптеп, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған мәдениет күндері Талас ауданында өз жалғасын тапты.
Қазақ өркениетінің алтын бесігі саналған ауылдарда мәдениет пен руханиятты дамыту бүгінгі күннің ортақ парызы. Осы мақсатта Көктал елді мекенінде 90 адамдық мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Талас ауданында бүгінде 19 мәдениет ошағы жұмыс істейді. Бұдан бөлек 5 мәдениет нысанына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Еске сала кетейік, 2021 жылдан бері облыс көлемінде 18 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Ал биыл 16 мәдениет нысанының құрылысы басталып, жыл аяғына дейін 8 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған.
Ауданның мәдениет күнінде тұлпар мініп, тізгін тартқан Таластықтардың 150 адамдық керуені көш түзеп, ұлттық спортымыз бен салт-дәстүріміз ұлықталды. Жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі таныстырылды.
Алдағы уақытта осындай шаралар Жуалы, Қордай, Сарысу аудандарында өтеді деп жоспарлануда.
Серік Сәлемов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.