«МОЙЫНҚҰМ САБЫНЫ» ТҰТЫНУШЫЛАРҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

72
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі күнге дейін халыққа арнап алты Жолдау жариялады. ПрезиденталғашқыЖолдауында «Шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың төте жолы» десе, екінші Жолдауында «Кәсіпкерлікті дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өтті. Расында да шағын және орта кәсіпкерлік – ел дамуының негізі.
Мойынқұмдық Бағлан Садығұлов бүгінде кәсіпкерлік саласына бетбұрыс жасап, «Мойынқұм сабыны» брендімен өнім өндіруде. Ол – «Кір сабын шығаратын цех ашу» жобасы бойынша қайтарымсыз грант иеленген.
Бір қарағанда күрделі көрінетін бұл кәсіп түрін үй жағдайында бастауға болады. Тағы бір ерекшелігі қайтарымсыз несие алу үшін арнайы конкурсқа қатысқан уақытта сіздің бизнес жобаңыздың грантты ұтып алуға деген мүмкіндігі артады. Себебі сіздің бақталастарыңыз бір-бірінен ерекшеленбейтін сүт және ет бағытындағы мал басын көбейту секілді жобалар ұсынып жатқанда, сіздің сабын өндірісіне бағытталған жобаңыз көш ілгері тұрары анық,
– Бұл кәсіпті бастар алдында қорқыныш та, жүрексіну де болды. Бірақ бизнес жоспарды дайындай бастағанда көңілімізге сенім ұялады. Сөйтіп арнайы курс оқығаннан кейін жобамды комиссия алдында қорғадым. Нәтижесінде 1 400 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, ол қаражатқа кір сабын шығаруға арналған 1 аппарат пен шикізаттық өнімін алуға мүмкіндік туды. Бұл аппартпен күніне 400-600 данаға дейін сабын өндіре аламыз. Ал сабын өндіруге қажетті шикізат Алматы қаласынан және өзіміздің ауданнан алынуда. Өнімнің сыртында «Мойынқұм сабыны» деген жазу бар. Бұл тапсырыс берушілер мен тұрақты тұтынушыларға ұнады. Әзірге кәсіпті аулада жасауға тура келіп тұр. Алдағы уақытта арнайы орын дайындап, осы кәсіп бойынша жаңашылдық енгізу ойда бар, – дейді Бағлан Бақытұлы.
Кәсіпкер тапсырыстың басым көпшілігі жеке отбасылардан түсетінін айтады. Көп көлемде тапсырыс бергендерге грамына қарай 150-250 теңгеден болса, даналап алатындарға да осы бағада сатылады. «Мойынқұм сабыны» аталуы мен ауданның атын шығаруды мақсат тұтқанын кәсіпкер аудан орталығындағы «Айтбек», «Магнит +», «Айша сервис» секілді дүкендерде сатылып жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта көршілес ауылдар мен аудандарғада сату жоспарланғанын айтты.
–Қазіргі таңда кәсіпті отбасыммен дөңгелетіп отырмын. Оған кемдегенде 2 адамқажет. Негізі кәсіптің шығыны аз, өйткені кір сабын дайындау үшін бар керегі – кәдімгі күнбағыс пен малдың іш майы. Оны арнайы ыдыста қайнатып, үлкен қазанға құямыз. Қазандағы майға қоспаларын қосып, әбден араластырамыз. Қоймалжың қоспа нығыздалып, арнайы пішінге келтіретін аппаратқа ауыстырылады. Кәдімгі кір сабын осылай дайындалады, — дейді кәсіпкер.
«Кәсіп түбі – нәсіп» деп бекер айтылмаса керек, кәсібін биыл бастаған азамат қазірдің өзінде тұрақты тұтынушылары қалыптасқанын, сұраныстың бар екенін айтады. Ал сіз егерде дәл осы кәсіппен айналысқыңыз келсе мойынқұмдық азамат секілді шағын өндірістен бастап, кейін кәсібіңізді кеңейтуіңізге болады. Бастысы жақсы ізденіс пен ұмтылыс керек. Ал қол жайып қарап отырғаннан ешкімнің көсегесі көгермейтіні анық.
Қуаныш КӨБЕНҒАРАЕВ,
«Мойынқұм таңы».

Leave A Reply

Your email address will not be published.