Нұрсұлтан Назарбаев 1 қаңтардан ең төменгі жалақыны 1,5 есе көтеруді тапсырды

741

Үкімет 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақыны 1,5 есе өсіретін болады. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан  бастап ең төменгі жалақыны 1,5  есе, 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсіруді тапсырамын. Бұл әрбір қазақстандық үшін шынайы көмек болады. Бұл барлық салаларда, барлық меншік формасындағы  кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1  млн 300 мың адамның  еңбекақысын көтеруге септігін тигізеді», — деді Елбасы.

ҚР Президентінің айтуынша, сонымен қатар жалақы өсімі  бюджеттік ұйымдардың 275 мың қызметкеріне де қатысты.  Яғни, мұғалімдердің,  дәрігерлердің, құқық қорғау, қорғаныс органдарының қызметкерлерінің жалақысы 35 пайызға артады.

«Бұл мақсаттарға 2019-2021 жылдарға республикалық бюджеттен  жыл сайын 906 млрд теңге бөлу қажет.  Бюджетті қарау барысында Парламент мұны ескереді деп ойлаймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл ретте ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайтындығын баса айтты.

«Ең төменгі жалақының жаңа көлемі толықтай алғанда бүкіл ел экономикасында еңбекақы өсімінің катализаторы болады деп ойлаймын. Бұл бастама біздің барлық отандық және шетелдік ірі компаниялар тарапынан қолдау табады деп сенемін», — деді Елбасы.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.