Жамбыл облысында 2027 жылға дейін 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

165
Жақында Байзақ ауданында «KazGazBlock» ЖШС-ның бастамасымен автоклавты газобетон өндіру зауыты іске қосылады. Жобаға 1,2 млрд.теңге инвестиция тартылған. Өндіріс толық қуатына шыққан кезде жылына 100 000 текше метрге дейін өнім шығарады деп күтілуде. Жаңа өндіріс ошағында 64 жұмыс орны құрылады.
Мемлекет аталған бизнес жобаны электрмен жабдықтауға 61,1 млн.теңге, газдандыруға 22,7 млн.теңге қаржы бөлді.
Автоклавты газобетон өндіру зауыты өңірдің құрылыс индустриясын дамытуда маңызды рөл атқарады. Қазірдің өзінде жергілікті компаниялар өнімдерге тапсырыс беріп жатыр.
Бұл жоба Мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің өндірісін кеңейтуге, жаңа жобаларын іске асыруға қолдау көрсететіндігінің тағы бір дәлелі. Біздің түпкі мақсатымыз – тұрақты жұмыс орындарын құру арқылы барлық салада оң өзгерістерге қол жеткізу.
Өңірде қалыптасып келе жатқан жобалар пулы қолайлы инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Облыстың 2027 жылға дейінгі инвестициялық қоржынында құны 2,5 трлн теңге болатын 70 жоба бар, бұл қосымша 6,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін 19 жаңа өндіріс ошағын ашу жоспарланса, бүгінде 134 млрд.теңгенің 6 жобасы іске қосылды.
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылай келе, өңірде тұрақты инвестициялық ахуал қалыптасқанын сеніммен айтуға толық негіз бар. Негізгі капиталға 196,3 млрд.теңге тартылып отыр.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.