Облыстық қазақ драма театрының 83-маусымы «Асқаровтың аққайыңдары» драмасымен ашылды

495

Бүгінде абыз ақсақалдың жасына жеткен облыстық қазақ драма театры осы уақыт аралығында өнерсүйер қауымға қаншама қуаныш, тағылым, рухани ләззат сыйлады. Руханият ордасы биылғы жаңа маусымын да үлкен шығармашылық әзірлікпен бастап отыр. Облыстық қазақ драма театрының 83-маусымы «Асқаровтың аққайыңдары» драмасының премьерасымен ашылды.

Жаңа маусымның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Түркістан облысынан және Шымкент қаласынан келген қадірменді қонақтар, Асанбай Асқаровпен үзеңгілес қызмет атқарған замандастары, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.
Халқына қалтқысыз қызмет еткен тұлғаның талайлы тағдырын бейнелеген қойылым басталмас бұрын облыстық қазақ драма театрының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Болат Бекжанов театрдың жаңа маусымының ашылуымен құттықтап, руханият ордасының ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орнына айрықша тоқталып өтті.
Халқымыздың абзал азаматтарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тоталитарлық режимнің қуғын-сүргініне ұшырап, басынан кешкен қиын-қыстау тағдыр жолын сахна тіліне түсірген жазушы-драматург Мархабат Байғұт. Сахналық туынды бір адамның тағдырына арналғанымен, жалпылама алғанда заман шындығын шынайы бейнелеуге тырысқан. Яғни, бір адамның тағдырына үңіле отырып, еліміздің тәуеліздігі жолында жанын пида еткен асыл азаматтарымыздың жарқын бейнесі көз алдыңызға келеді.
Жалпы, қойылымдағы қай кейіпкерді алсақ та, артистердің шеберлігі, жандүние­сі­нің тереңдігі сүйсінтпей қоймай­ды. Асанбай Асқаров образын театр актері, ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков жан-жақты ашып көрсете білсе, Асқаровтың жұбайы Фатиманың бейнесін жасаған актриса Индира Мұстафаеваның шеберлігі де көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, тергеуші Калиниченконы сомдаған Жандар Қырықбаев, Золинді сахнаға алып шыққан Мәмбет Қожалиев секілді сахна шеберлерінің еңбегі де жарқырай көрінді. Мұнан өзге де қойылым барысында сахнадан бой көрсеткен театр артистері өздеріне берілген рөлді жоғары деңгейде алып шыға білді.
Сонымен қатар, сазбен көркемдеуші Мөлдір Барақбаева мен суретші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиеваның сценографиясы да қойылымның ажарын аша түсті. Ал, режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымовтың сахналауымен қойылым өзінің көркемдік дәрежесінде, бөлекше кеңістігінде қойылды.
Қойылым аяқталғаннан кейін премьераны жоғары деңгейде сахналаған театр ұжымына облыс әкімінің атынан ықылас гүлі табыс етілді. Сонымен қатар, драма авторы, жазушы-драматург Мархабат Байғұт өнер ұжымына үлкен ризашылығын білдіріп, қайраткердің есімі қазақ халқымен бірге мәңгі жасай беретінін айтып өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.